Қабылдау комиссияларының байланыстары

FOLK DANCE: ХАЛЫҚ БИІНІҢ ДАМУ ЖОЛДАРЫ МЕН ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

2019 жылғы 30 қазанда Қазақ ұлттық хореография академиясында «Folk dance: халық биінің даму жолдары мен қазіргі жағдайы» тақырыбында онлайн-конференция өтті.    

Бұл жоба туралы идея «Астана – хореографиялық өнер саласында мәдениетаралық коммуникациялар мен халықаралық ынтымақтастық орталығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциядағы (2018 ж. қазан) ғылыми пікірталастардың нәтижесінде пайда болды. Көпмәдениетті диалогты қолдау ретінде «Arts Academy» журналының редакциясы журналдың жеке шығарылымын халық биінің қазіргі жағдайы мен дамыту проблемаларына арнап, басылған материалдарды кейіннен онлайн-талқылауды ұсынды. 

«Folk dance» жобасына қатысушылар халық биінің тағдырына шын көңілдерімен қызығушылық танытты, олар Васенина Екатерина Викторовна – аспирант, Мемлекеттік өнертану институт, (Мәскеу, Ресей), Весела Казашка – оқытушы, Музыка, би және бейнелеу өнері академиясы (Пловдив, Болгария), Полякова Анна Сергеевна – аға оқытушы, Гуманитарлық университет (Екатеринбург, Ресей), Чурашов Андрей Геннадьевич – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Оңтүстік Орал мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық университеті (Челябинск қ., Ресей), Клыкова Людмила Алексеевна – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Оңтүстік Орал мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық университеті халық көркем шығармашылық факультетінің деканы (Челябинск қ., Ресей), Саитова Гульнара Юсуповна – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры (Нұр-Сұлтан, Қазақстан), Ізім Тойған Оспанқызы – Қаз ССР еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры (Нұр-Сұлтан, Қазақстан), Джумасеитова Гульнара Тазабековна – өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры (Нұр-Сұлтан, Қазақстан), Академия студенттері мен мен  қызметкерлері.

Халық биі бойынша мамандардың онлайн кездесуі бірлескен шығармашылық пен түсіністік атмосферасында өтті. Іс-шараның модераторы – педагогика ғылымдарынң докторы, профессор Құлбекова Айгүл Кеңесқызы – халық хореографиясы бойынша мамандар даярлау проблемалары, халық биін ұлттық өзіндік сәйкестік және мәдениетаралық қатынас құралы ретінде сақтап қалу проблемалары туралы қызу диалог ұйымдастырды, халық хореографиясы саласында заманауи эксперименттерді терминологиялық анықтау, заманауи және аутентті би формаларын синтездеу, халық-сахналық бидегі мимикрия туралы гипотеза жөніндегі мәселелерді көтерді. 

Пікірталас барысында заманауи халық хореографиясының өзекті мәселелері белгіленді.  Осылайша, В. Казашка, А.Г. Чурашов пен Л.А. Клыкованың сөз сөйлеулерінде жас ұрпақтың биді қайта жаңғыртуы (қабылдауы) мәселесіне тоқталды.  Весела Казашканың баяндамасында болгар халық биі қоғамда жеке тұлғаны әлеуметтендіру құралына айналып келе жатқаны сөз болды. Челеябинскіден келген спикерлер «қазіргі орындаушылар бидің рухын түсінумен емес оны орындау техникасымен ғана айналысады. Бұл көңіл жабырқатар мәселе» деп атап көрсетті.   

А.С. Полякованың шабытты сөз сөйлеуі ерекше болды, ол жастардың орыс халық биіне деген қызығушылығын жандандыру формасы ретіндегі би зертханасының жұмысы туралы айтып берді.    

Онлайн-конференцияға қатысушылар ұлттық хореография «жанрының тазалығын» сақтап қалу мәселесіне алаңдаушылық білдірді: егер жас ұрпақ, негізінен, синтетикалық, «жаңартылған» халық билеріне қызығушылықпен қараған жағдайда, халық биінің тұңғыш шыққан түпнұсқасын қалай сақтап қалу керек?

Конференцияға қатысушылардың барлығы дерлік өз пікірін айтып үлгермесе де, әрбір қатысушы халық биін сақтап қалу проблемасының тереңдігі мен маңыздылығын сезіне алды.

Конференцияның қашықтықтан өткізілу формасы, яғни онлайн кездесу барлық қатысушылар үшін тым қолайлы болды. Халықаралық спикерлердің қорытынды сөзіне қарағанда, Қазақ ұлттық хореография академиясы ұсынған ғылым кездесу форматы өз жалғасын табатын болады. 

Яндекс.Метрика