Қабылдау комиссияларының байланыстары

"Қазақстанның хореографиялық өнері: персоналиялар, спектакльдер, ұжымдар" жобасы

Тіркеу нөмірі: ИРН AP09260151.

Бүгінгі таңда мәдениет кез-келген мемлекеттің дамуындағы маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. «Мәдени институттардың тиімді жұмыс істейтін инфрақұрылымының, сондай – ақ ұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтауды және байытуды, сапалы мәдени құндылықтарды құруды, таратуды және тұтынуды қамтамасыз ететін тетіктердің болуы мемлекеттің табысқа жетуінің өлшемі болып табылады» – делінген Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасында.

Тұтастай алғанда, мәдениетті және атап айтқанда балет саласын дамытудың жаңа тұжырымдамалық көзқарасына жоғары қажеттілікті ескере отырып, Қазақстан Республикасының хореографиялық өнерін кешенді зерттеу жобасы 1934 жылдан бастап 2020 жылға дейін оның өткенін және қазіргі заманғы даму деңгейін және әлемдік хореографияны дамыту контексіндегі маңызын объективті бағалауға ықпал ететін болады. Алынған баға, өз кезегінде, Қазақстанда ұлттық, классикалық және қазіргі заманғы хореографияны дамытудың одан әрі тиімді жолдарын әзірлеуге қызмет етеді, оның өнімі әрбір бағыт бойынша бәсекеге қабілетті қойылымдар, бишілердің, балетмейстерлердің, дирижерлер мен суретшілердің жаңа буынының білім деңгейін арттыру, сондай-ақ жаңа кәсіби ұжымдарды құру болуы тиіс.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалатын зерттеудің баспа және электрондық нұсқалары балет және би өнерінің отандық және шетелдік зерттеушілерінің сұранысына ие болады. Ал интернет-сайт алынған ақпаратты әлемнің кез келген нүктесінде зерттеушілер, кәсіпқойлар және жақын шетелдердің әуесқойлары үшін қол жетімді етеді. Атап айтсақ, орыс тіліндегі ақпараттар – ұлттық хореографияның орыстілді қоғамдастықпен тарихи қалыптасқан берік мәдени байланыстарына байланысты. Контенттің ағылшын тіліндегі нұсқасы – алыс шетел аудиториялары үшін – жалпы Қазақстанға деген қызығушылықтың өсуіне, сондай-ақ қазақстандық балет мектебіне деген қызығушылықтың, соңғы жылдары халықаралық сахнада өзін жоғары деңгейде көрсете білген қазіргі заманғы жоғары кәсіби бишілер мен хореографиялық ұжымдардың шығармашылығына байланысты.

Бұл жоба қазақ мәдениетін, атап айтқанда көрнекті және атақты орындаушылар мен хореографтардың есімдерін, үздік спектакльдерді, танымал шығармашылық ұжымдарды зерттеуге және сақтауға бағытталған. Жобаның инновациялылығы бірінші рет шығармашылық ұжымдар мен жеке тұлғалар бойынша энциклопедия түрінде материал жинақталып, жүйелендіріледі, ол шетелде ұлттық хореография жетістіктерін лайықты түрде көрсетуге ықпал етуге бағытталған.

Осы жобаны іске асыру мүдделі қоғамдастықтар мен мамандарға Қазақстанның хореографиялық өнеріне баулуға, қазақ балет театры мен биінің ұлттық өзгешелігімен танысуға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері халықаралық мәдени қоғамдастыққа Қазақстанның даму тарихы мен қазіргі заманғы өнерін оның барлық толықтығы мен алуан түрлілігімен көрсетуге мүмкіндік береді.

Жобаның мақсаты: Қазақстанның хореографиялық өнерінің байлығы мен алуан түрлілігін 1934 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі Қазақстанның балет және би өнерінің тарихы бойынша ғылыми зерттеулердің жүйелендірілген нәтижелерінің кешені ретінде ашу, олар «Қазақстан хореографиясы» энциклопедиясы» академиялық басылымында 3 тілде және осы аттас үнемі жаңартылып отыратын мамандандырылған интернет-сайтта баяндалатын болады.

Энциклопедияның қағаз және сандық нұсқасында отандық театрлар мен шығармашылық ұжымдардың сахнасында балет спектакльдерін жасауға қатысқан аса көрнекті балет әртістері мен халық билері орындаушыларының, балетмейстерлердің, композиторлардың, либреттистердің, сценографтардың, дирижерлердің дербес деректері; ұлттық спектакльдердің жасалу тарихы жүйелендірілген; танымал кәсіби би ұжымдарының дүниеге келу тарихы мен шығармашылық қызметі; Қазақстандағы хореографиялық өнер саласындағы фестивальдік және конкурстық қозғалыстың тарихы ұсынылатын болады.

Жобаны іске асыру барысында келесі міндеттер шешілетін болады:

– ұлттық хореографиялық өнердің қалыптасуының алғашқы жылдарынан бастап 2020 жылға дейін қазақ балетінің көрнекті шеберлерінің толық шығармашылық өмірбаяндарын қайта жасау;

– отандық би ұжымдарының ұлттық балет спектакльдері мен концерттік бағдарламаларының авторлары болып табылатын балетмейстерлердің, композиторлардың, либретто авторларының, сценографтардың толық шығармашылық өмірбаяндарын қайта жасау;

– энциклопедия баптарында пайдалану үшін тараптардың өзара келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кино-фото құжаттар архивінде, сахна ардагерлері мен шығармашыл зиялы қауымның жеке архивтерінде, сондай-ақ Ресей Федерациясының мемлекеттік архивтерінде жекелеген орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар туралы архив материалдарын іздеу және жинау;

– әр спектакль премьераларының күндері, қойылым тобы, басты партиялардың алғашқы орындаушылары және спектакльдердің премьералық көрсетілімдері туралы толық мәліметтерді қайта жасау;

– энциклопедияның қағаз және сандық нұсқаларына фотоматериалдарды іріктеу, энциклопедияның жекелеген мақалаларын суреттеу үшін бірегей архивтік фотоматериалдарды реставрациялау;

– 1934-2020 жылдардағы Қазақстанның хореографиялық өнерінің маңызды даму кезеңдерін жүйелеу үшін әрбір ұжым мен ұлттық балет спектаклі туралы жекелеген тарихи-өнертану очерктерін дайындау;

-ұлттық хореография жетістіктерін танымал ету және әлемдік мәдени кеңістікке шығу үшін жетекші бишілер мен ұжымдардың шығармашылық өмірбаяндарымен, фотосуреттерімен және мұрағаттық жазбаларымен «Қазақстан хореографиясы» интернет-сайтын әзірлеу және іске қосу.

Зерттеу әдістемесі кешенді тәсіл принципіне негізделетін болады. Атап айтқанда, тарихи-өнертанушылық талдау әдісі Қазақстан Республикасының хореографиялық өнерін  дамуы жағдайында зерттеуге мүмкіндік береді; құрылымдық-функционалдық әдіс Қазақстан Республикасының кәсіби балет ұжымдарының құрылуы мен қалыптасуы туралы мәліметтерді, олардың арасындағы тұрақты қатынастар мен өзара байланыстардың жиынтығын және олардың бір-біріне қатысты рөлін, сондай-ақ белгілі бір ұжымның дамуындағы жекелеген жасампаздардың рөлін реттеуге ықпал етеді; театртану, балеттану, өнертану жөніндегі ғылыми еңбектерді, сондай-ақ отандық хореографияға арналған жарияланымдарды бұқаралық ақпарат құралдарында контент – талдау әдісі хореографиялық өнер қайраткерлері мен ұжымдардың шығармашылығы туралы шашыраңқы ақпараттарды жинауға және синтездеуге қызмет етеді; байқау әдісі – қазіргі заманғы орындаушылар мен жекелеген ұжымдарға объективті шығармашылық сипаттама беруге көмектеседі; логикалық әдіс – Қазақстан Республикасының хореографиялық өнерінің тарихын қайта жаңартуға және энциклопедиялық басылымда жиналған ақпаратты жүйелеуге көмектеседі. Қазіргі уақытта бұл әдістерді жетекші әлемдік ғылыми орталықтардың өнертанушылары қолданады, ал таңдалған әдістеме заманауи зерттеу әдістеріне сәйкес келеді.

Зерттеу тобы:

Жоба жетекшісі Жумасеитова Гульнар Тазабековна – хореография саласында маманданған жоғары білікті театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, өнертану және арт-менеджмент кафедрасының меңгерушісі. Қазақстандағы театр өнері тарихы саласындағы жетекші мамандардың бірі. Осы жобаны іске асыру үшін жоба тақырыбы бойынша зерттеу, ғылыми процесті және нақты ғылыми әзірлемелерді басқару саласында айтарлықтай тәжірибесі бар: балет театрының тарихы бойынша 3 монографияның авторы, хореография бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтың тең авторы, 20 ұжымдық ғылыми монография авторларының бірі, ҚР БҒМ аяқталған 3 гранттық жобасының ғылыми жетекшісі. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шығарылған қазақ және орыс тілдеріндегі 3 томдық «Қазақстан өнері тарихы» атты тұңғыш іргелі еңбектің авторларының бірі және жауапты хатшысы болып табылады. «Искусство казахов зарубежья», «Астана: от геополитического лидерства к культурному ренессансу», «Искусство казахов в аспекте общетюркских культурных традиций» кітаптары тарауларының авторы және жауапты редакторы. ЮНЕСКО ұлттық комиссиясының материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитетінің мүшесі ретінде Жумасеитова бірлескен халықаралық жобаларға қатысып, ағымдағы мәдени процесс бойынша талдау жұмыстарын жүргізуде үлкен тәжірибеге ие. Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Республикасы Театр қайраткерлері одағының мүшесі. Нөлдік емес импакт-факторы бар шетелдік ғылыми басылымдарда және БҒСБК ұсынған басылымдарда 20-дан астам мақаласы бар.

Мусинова Асель Ахметовна – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты. Кәсіби хореографиялық білімі, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында жұмыс тәжірибесі бар. «Журналистика» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны бітіріп, «БАҚ және Қазақстанның егемендігі жағдайында ұлттың рухани әлеуеті» тақырыбында диссертация қорғады. Хореография, ұлттық мәдениет мәселелерін зерттеу саласында үлкен тәжірибесі бар. Республикалық «Мәдениет» телеарнасындағы «Опера аңыздары мен мифтері» жобасының ТВ жеке бағдарламаларының тұжырымдамасы мен сценарийінің авторы, 1 монографияның, 1 оқулықтың, 1 кітап-альбом мен анықтамалықтың авторы, 2012 жылы зерттеу тобының құрамында Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры тарихына арналған «Қазақстан хореографтары» анықтамалығы бөлімін құрастырушы ретінде қызмет атқарды. Пәнді таңдаудан бастап білім беру платформаларында контентті қалыптастыруға дейінгі жаппай ашық онлайн курстарды әзірлеу және іске асыру процесін басқару тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жаңа білім беру технологиялары институтының директоры, Журналистика кафедрасында оқытушысы.

Саитова Гульнара Юсуповна – өнертану кандидаты, профессор, ҚР еңбек сіңірген әртісі. Ұйғыр және корей би өнерін зерттеу саласында маманданған. Жұмыс тәжірибесі: ұйғыр театрының бас балетмейстері бағыты бойынша. Спектакльдердің пластикалық және би көріністерін қоюшы. 2 монографияның авторы: «Уйгурский сценический танец: Истоки. Традиции. Сценическое воплощение» және «Корейский сценический танец в хореографическом искусстве Казахстана»  (бірлескен авторлықта), 5-тен астам патенті бар. Ғылыми жобаларға қатысу тәжірибесі бар. Славян мәдениетаралық ғылыми-зерттеу тобының толық мүшесі болып табылады және «Түркітілдес халықтардың фольклорлық билерін зерттеу» тақырыбы бойынша зерттеу жүргізеді. «Қазіргі әлемнің мәдениетаралық байланыстары – Венгрия және Қазақстан жаһандану әлемінде» атты бірлескен бағдарламаға қатысады. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры.

Ізім Тойған Оспанқызы – өнертану кандидаты, профессор, ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры.

Кульбекова Айгуль Кенесовна – педагогика ғылымдарының докторы, өнертану профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері, 130-дан астам ғылыми жарияланымдары бар, олардың ішінде қазақ биі бойынша оқулық (1), Оқу құралдары (2), монографиялар (3), ғылыми мақалалар мен ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар, 18 авторлық куәлік бар. Хореография педагогикасы, қазақ биінің тарихы мәселелері бойынша көптеген жарияланымдары бар. Шара Жиенқұлова атындағы үш республикалық қазақ биі байқауларының бастамашысы және ұйымдастырушысы. Республикалық байқауларда «Үздік балетмейстер жұмысы» номинациясы бойынша лауреат атағына ие болды (Орал, 2006, Астана, 2012). Кәсіби шығармашылық ұжымдарда орындаушы, педагог және қоюшы – балетмейстер ретінде жұмыс істеді. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық хореография академиясының педагогика кафедрасының профессоры.

Шомаева Дилара Ержановна – өнертану магистрі, қазіргі уақытта «Өнертану» білім беру бағдарламасы бойынша PhD докторантурада оқиды. Кәсіби хореографиялық білімі бар, «Астана Балет» театрының труппасында билейді, театрда көрермендер үшін «Сахна құпиясы»  танымдық экскурсияларды жүргізеді, бағдарламалар мен балеттер либреттосына арналған мәтіндерді дайындау тәжірибесі бар. Қазақстанның, жақын шет елдердің ғылыми басылымдарында жарияланымдары бар.

Жунусов Серик Казырканович – гуманитарлық ғылымдар магистрі, негізгі мамандығы – тарихшы. «Arts Academy» ғылыми журналының жауапты редакторы. Қазақстанның, жақын шет елдердің ғылыми басылымдарында жарияланымдары бар. Жобада жобаны іске асыру кезінде аутсорсинг үшін ұйымдар мен кадрларды іріктеумен айналысатын болады: сайттың дизайнын әзірлеу, мәтіндік материалдарды аудару, кітапты әзірлеу және басып шығару, сондай-ақ уәкілетті органдарға есептілікті ұсыну.

Рахымбердиева Сая Нұрланқызы – Қазақ ұлттық хореография академиясының 2 курс магистранты.

Жандаулет Аяжан Нұржанқызы – бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің маманы.

Яндекс.Метрика