Қабылдау комиссияларының байланыстары

«Коронакризис» жағдайындағы әлемдік білім жүйесі

Бүкіл әлемде коронавирус індетінің жаңа түрінің жаппай таралуы бүгінгі таңда үлкен мәселеге айналып қана қоймай әлемдік медицина саласы мен денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай қауіп төндірді. Дамыған мемлекеттердің көшбасшылары коронавирус пандемиясы жаҺанға дағдарыс қаупін тудырды деп мойындады. «Германия коронавирус салдарынан Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болмаған қиындықтарға тап болды», – деп Германия канцлері Ангела Меркель халыққа үндеуінде айтқан болатын [1]. Франция президенті Эммануэль Макрон коронавирус эпидемиясын Еуропалық Одаққа қатер деп атаған [2]. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша коронавирус індеті әлемдік экономикаға теріс әсер етті, бұл үлкен дағдарыстың салдарын халқымыз да сезініп отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 пандемия деп жариялағаннан кейін әлемдік білім беру жүйесінде қиындықтар туындады.
Әлеуметтік шеттету шаралары білім беру мекемелерінің ішінара немесе толық жабылуына алып келді. Нәтижесінде мектепке немесе жоғары оқу орындарына бармайтын оқушылар мен студенттер саны қарқынды түрде өсті. Жарияланған шаралар білім беру ортасын жедел цифрландыруға әкелді. Сабақты түрлі интернет-платформалар арқылы өткізу, онлайн-байланыс, бейнеконференциялар өткізу қысқа уақыт ішінде дәстүрге айналды.
Бүкіл әлем бойынша 1,5 млрд. астам адам онлайн оқуға көшуінің нәтижесі [3] ондаған университеттердің IT тұрақсыздығын анықтап, сервер сыйымдылығы, жабдықтардың жетіспеушілігі сияқты техникалық проблемалардың бар екендігін көрсетті.
Кейбір университеттер, студенттерге интернеттің жақсы қол жетімді болмауына байланысты оқу жылын алдын-ала аяқтап, оқу үрдісінен толығымен бас тартты: мысалы, АҚШ-тың Береа эксперименттік университеті. Шамасы, кредиттік оқыту жүйесінің шарттары университет басшылығына осындай икемді шешім қабылдауға мүмкіндік берген. Өз мүмкіндіктеріне сүйене отырып, кейбір университеттер білім беру үрдісін онлайн режиміне ауыстырмай үзіліс жасады, ал екінші бөлігі мұғалімдер мен студенттерге бейімделуге уақыт беру үшін бірнеше аптада онлайн режимге өтті.
Әрине, біз онлайн-курстар мен бағдарламаларды бұрыннан бері тәжірибеге асырып келе жатқан, керемет инфрақұрылыммен мақтана алатын үздік университеттер туралы айтпаймыз.
Мәселен, Қытайдағы элиталық университеттердің бірі – Цинхуа университеті тіпті онлайн режимінде дене шынықтырумен айналысады. Тағы бір мысал: Германиядағы екінші ірі университет, «elite» мәртебесінің иегері, Людвиг-Максимилиан атындағы Мюнхен университеті доценттерге ағымдағы емтихандарды өткізу-өткізбеу туралы шешім қабылдау құқығын берген.
Қашықтан оқыту тәжірибесін Қазақ ұлттық хореография академиясында (Нұр-Сұлтан) да тиімді жүзеге асырып жатыр. Бұндай форматқа өту өз кезегінде оқытушылардың жұмысын еселей түсті: әртүрлі форматтар мен платформаларды жедел игеріп, оқыту курсының мазмұнын онлайн режиміне ыңғайластыру, оқу материалдары мен презентациялар дайындау, оларды «Platonus» бағдарламасына жүктеу – бұл мұғалімнің компьютер алдындағы «тәулік бойы» атқаратын жұмысының жартысы ғана деуге болады.
Сонымен қатар, оқытушылардың аудиториясы кеңейді, өйткені компьютердің арғы жағында оқушылардың ата-аналары да оқу үрдісін бақылай алады. Бұл кезең барлығына дерлік ауыр және жауапты болды. Осы жағдайда академия әкімшілігі оқу үрдісінің сабақтастығы мен ыңғайлылығын ұйымдастыруда үлкен жұмыс атқарды. Әрбір бөлім басшысы қашықтықтан оқытудың сапасын қамтамасыз ету үшін өз қызметкерлерімен барынша әрекеттесіп, өзара көмек пен қолдау атмосферасын сақтай отырып, белгілі бір шешімдер қабылдады.
Қазіргі таңда коронавирустан кейінгі өмір туралы көптеген болжамдар мен болжаулар айтылып жатыр. Мәселен, американдық экономист Нассим Талеб пандемиядан кейін өмір бұрынғыдай болмайды дейді. Оның пайымдауынша онлайн режимінде оқыту мен қашықтықтан жұмыс жасау карантин жойылғаннан кейін де жалғаса бермек.
Осы жағдайға байланысты өзгерістердің оңтайлы, көңілге қонымды жақтарын да атап өтуге болады. Қашықтықтан оқытуға көшкен сәттен бастап академияда онлайн оқыту курстары, семинарлар, студенттермен, магистранттармен және оқытушылармен онлайн-кездесулер, түрлі тақырыптар бойынша дөңгелек үстелдер өткізіліп жатыр.
Қысқа уақыт ішінде академияның көптеген оқытушылары мен студенттері іс-шараларды өте қызықты етіп өткізіп келеді. Мысалы, 15 сәуірде Facebookonlinedabol платформасында хореография факультетінің педагогика кафедрасының аға оқытушысы Садықова А.А. «Қазақ биі – ұлттық мәдениеттің мұрасы» тақырыбында онлайн дәріс оқыды [4]. Қазақ биінің тарихына бағышталған бірегей дәрістер өткізілді (Ізім Т.О., Кульбекова А.К., Садыкова А.А. т.б.). Оқшаулану кезіндегі тағы бір атқарылған маңызды іс-шара – педагог-хореограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А. Алишеваның «Халықтық-сахналық бидің режиссурасы негіздері» атты оқу құралының тұсаукесері болды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында “Құрмет” орденінің кавалері, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы Мусина Ф.Б. әлемдік балет жұлдыздары Бахтияр Адамжан және Әйгерім Бекетаевамен бірге өте қызықты тікелей эфир өткізді [5].
Қашықтықтан оқытудың жағымсыз жақтары да бар. Оқытудың бұл форматында студенттер мен оқытушылар арасында жеке байланыс болмайды. Сондықтан онлайн оқу кәсіби практика мен шеберлікті қажет ететін мамандықтарды білікті түрде меңгеруге жарамайды: мысалы, хореографиялық бағыт пен медицина саласы үшін көптеген қиындықтар туғызады.
Болашақта бүкіл білім беру жүйесінің құрылымының өзгеруі әбден мүмкін. Егер алдағы жылдары оқу орындарында онлайн-бөлімдері ашылып, сұранысқа ие болып жатса, таңқаларлық жағдай емес.
Дағдарыс тек мәселелерді туғызып қана қоймай, жаңа белестерге, тиімді әрекеттерге де мүмкіндік тудырады. Дәл қазір қорытынды жасап, шешім қабылдайтын уақыт туған сияқты.

https://www.gazeta.ru/army/2020/03/19/13011625.shtml 1
https://lenta.ru/news/2020/03/27/macron_euro/ 2
https://news.un.org/ru/story/2020/04/1376532 3
https://web.facebook.com/watchparty/693118918090801/?entry_source=USER_TIMELINE
https://youtu.be/uOuqU6zrc1o

Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы
Жұмағұл А.Н.

Яндекс.Метрика