Қабылдау комиссияларының байланыстары

Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ биі конкурсының бірінші күні аяқталды

«Астана Балет» театрының сахнасында Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ биі конкурсының бірінші күні аяқталды.

Конкурсты Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжанова құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзінде Бибігүл Нүсіпжанова талантты қатысушыларға сәттілік пен жаңа кәсіби жетістіктер тіледі. Сондай-ақ, қазылар алқасының мүшелері мен іс-шараға шақырылған қонақтарға алғысын білдірді.

Одан әрі салтанатты түрде қатысушылар жеребе тастады, оның қорытындысы бойынша командалар мен солистердің кезектілігі белгілі болды. Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар қазылар алқасының назарына қазақтың дәстүрлі биін ұсынды. Екінші кезеңде қазақ стиліндегі биі көрсетіледі.

Беделді қазылар алқасының алдында күрделі міндет тұр. Биыл байқауға би форумына қатысуға 34 өтінім қабылданды. Қатысушылар арасында Қазақстанның барлық өңірлерінен 19 ансамбль және 15 солист, дуэттер бар.

Байқаудың екінші күні Шара Жиенқұловаға арналған бірегей фотоальбомның тұсаукесерімен жалғасады: кітапта ұлы бишінің сирек кездесетін фотосуреттері ұсынылған, ал QR кодтары 2016 жылдан 2022 жылға дейін Қазақ ұлттық хореография академиясында қойылған билердің бейнежазбаларын жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, байқаудың екінші күнінің бағдарламасына Анвара Садықова мен Алматы Шамшиевтің шеберлік сыныптары, Ш. Жиенқұлова шығармашылығының ізбасарлары – белгілі педагогтар мен ғалымдар К.Н. Бейсенова және Т.О. Ізімнің дәрістері кірді.

Шара Жиенқұлова атындағы конкурс алғаш рет 1992 жылы А. В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің базасында өтті, II және III конкурстарды Орал қаласындағы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (2001, 2006) өткізді, ал 2012 жылы конкурс Шара Жиенқұлованың 100 жылдығына арналды және оны Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырды. Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ би байқауының құрылтайшысы және ұйымдастырушысы Қазақ ұлттық хореография академиясы болып табылады.

 

Яндекс.Метрика