Елордада Maqsut Narikbayev University ұйымдастырған XII Президенттік бал өтіп, оған шамамен 500 адам қатысты. Салтанатты кеш Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының сахнасында өтіп, университет өміріндегі ең жарқын мәдени оқиғалардың біріне айналды.
Соңғы төрт жыл қатарынан балдың хореограф-қоюшысы болып хореография факультеті деканының орынбасары, Академияның аға оқытушысы Евгений Сергеевич Моисеев қызмет атқарып келеді. Ол жыл сайын Академия студенттерін ассистент ретінде тартып, болашақ мамандарға тәжірибелік білім береді. Биыл хореографтың ассистенті ретінде «Спорттық-бал биінің педагогикасы» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Давид Компанец болды.
Кештің құрметті қонақтары қатарында Академия басшылығы мен қызметкерлері болды. Қатысушыларды қатаң қазылар алқасы бағалады. Олардың құрамына Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушылары — Садыкова Анвара Ариповна, Куанышбаева Дана Маратовна, Имамбекова Эльвира Жумабековна кірді.
Президенттік бал дәстүрлі түрде Құрметті ректор Мақсұт Сұлтанұлы Нарикбаевтың туған күніне орай өткізіліп, университет тарихы мен дәстүрінде ерекше орын алады. Бұл шара студенттерді, түлектерді және қонақтарды біріктіретін маңызды мәдени алаң болып табылады.
Кеш бағдарламасында классикалық полонез, қазақ вальсі, «Қуыршақтар» вальсі және дебютанттардың өнер көрсетуі ұсынылды. Дебютанттар бұл маңызды сәтті ата-аналарымен және шақырылған қонақтармен бірге бөлісті. Биыл паркетке 132 дебютант шықты.
MNU Президенттік балы университеттің негізгі дәстүрлерінің бірі ретінде өз маңызын сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, мәдени ортаны қалыптастырып, жастарды би өнері арқылы дамуға шабыттандырады. Мұндай ынтымақтастық жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің шығармашылық өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады.