2026 жылғы 28 мамырдан 1 маусым аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясының кітапханасында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрме Академия кітапханасы тарапынан тарихи жадыны сақтау және оқырмандарды қазақ халқы тарихындағы қасіретті кезеңдер туралы әдебиеттермен таныстыру мақсатында әзірленді.
Көрмеде қуғын-сүргін құрбаны болған ұлттық интеллигенция өкілдерінің тағдырына арналған шығармалар мен зерттеулер ұсынылған. Олардың қатарында Т. Жұртбайдың «Алаш қозғалысы» атты 3 томдық авторлық басылымы – алаш қайраткерлеріне қатысты сот процестерінің материалдар жинағы, Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» кітабы, сондай-ақ Мағжан Жұмабаевтың еңбектері, В. Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі», Т. Байқұловтың «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық», М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» және В. Галиевтің «Халықты оятқан кітап» еңбектері бар.
Көрме оқырмандарды саяси қуғын-сүргін тарихымен, ашаршылық қасіретімен, «Алаш» қозғалысы өкілдерінің және қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің тағдырларымен таныстырады. Ұсынылған кітаптар ел өткенінің драматизмін тереңірек түсінуге және тоталитарлық дәуір құрбандарының рухына тағзым етуге мүмкіндік береді.