Сайт бойынша іздеу
Академия білім алушыларының жыл сайынғы есептік концерті «Астана Балет» сахнасында өтеді

2026 жылғы 8 мамыр күні сағат 19:00-де Astana Ballet театрының сахнасында оқу жылының ең маңызды оқиғаларының бірі – Қазақ ұлттық хореография академиясы білім алушыларының 2025–2026 оқу жылындағы есептік концерті өтеді.

Қазақ ұлттық хореография академиясы жыл сайынғы есептік концертті зор мақтанышпен ұсынады. Бұл концерт тәрбиеленушілерге өздерінің шығармашылық жетістіктерін, кәсіби өсуін және тынымсыз еңбегінің нәтижелерін көрсетуге бірегей мүмкіндік болса, көрермендер үшін – жас әртістердің жарқын өнерін тамашалауға арналған ерекше кеш.

Концерт екі бөлімнен тұрады және классикалық әрі заманауи хореографияның туындыларын, әртүрлі стильдер мен бағыттардағы қойылымдарды, сондай-ақ отандық балетмейстерлердің жұмыстарын қамтитын мазмұнды әрі алуан түрлі бағдарлама ұсынады.

Бірінші бөлімде көрермендерге В. Медведевтің қойылымындағы Р. Дригоның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінен сюита ұсынылады. Екінші бөлімде оқу жылы бойы дайындалған классикалық, заманауи және ұлттық хореографияның үздік нөмірлерін біріктіретін концерттік бағдарлама көрсетіледі.

Қойылымдар қатарында «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері, өнертану кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері Анвара Садыкованың Нұрғиса Тілендиевтің музыкасына қойылған «Аққулар» хореографиялық композициясы бар. Кешті А. Хачатурянның «Гаянэ» балетінен Н. Анисимованың қойылымындағы жарқын көрініс қорытындылайды.

Есептік концерт дәстүрлі түрде Академияның білім алушылары мен педагогтарының жүйелі жұмысының нәтижесін көрсететін маңызды қорытынды шара болып табылады. Көрермендер үшін бұл – жас әртістердің қалыптасуын тамашалау мүмкіндігі болса, ал орындаушылар үшін – шығармашылық жолындағы маңызды кезең және сахналық тәжірибе.