Қазақ ұлттық хореография академиясы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған, қоғамда тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және аналитикалық ойлауды дамытуға бағытталған ауқымды «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына ресми түрде қосылды.
Біздің мектеп қабырғасындағы және жоғары оқу орнындағы барлық білім алушыларымыз тек би өнерінің шыңын бағындырып қана қоймай, рухани кемелдікке де ұмтылады. Себебі нағыз өнер терең білім мен бай ішкі дүниеден бастау алады.
Академияның өнерлі жастары 2026 жылдың қыркүйек айын қамтитын тіркелу кезеңінен бастап, 2027 жылдың сәуіріне дейін жалғасатын бұл ауқымды зияткерлік додада өз жас ерекшеліктеріне сай арнайы бағыттар бойынша бақ сынайды. Марафонның шартына сәйкес, қатысушылар арнайы іріктелген 330 үздік кітаптың ішінен 15 туындыны оқып, өздерінің талдаулары мен қысқаша пікірлерін қалдыруы тиіс.
Көктемде өтетін қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздердің нәтижесі бойынша үздік шыққан оқырмандарға ірі ақшалай сыйлықтар (І орынға 600 000 теңгеге дейін) табысталады.
Академия ұжымы мен білім алушылары бұл байқауға үлкен дайындықпен және ерекше құлшыныспен қатысатынын жеткізеді, сондай-ақ барлық қатысушыларға шығармашылық шабыт пен сәттілік тілейді. Оқуға, ізденуге және рухани дамуға бірге қадам басайық, біз дайынбыз!