Қазақ ұлттық хореография академиясының тәрбиеленушілері сахналық тәжірибе аясында Л. Минкустың «Дон Кихот» спектакліне қатысты. Қойылым 2025 жылдың 8-9 қарашасында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтті. Театрдың жетекші солистерімен бір сахнада өнер көрсеткен жас дарындар тағы да өз шеберліктерін паш етті.
Жас бишілер үшін бұл оқиға бұрынғыдай маңызды да қымбат сахналық тәжірибе болды. Болашақ әртістер - 2/6-3/7 сыныптардың білім алушылары амурлардың, көшедегі қыздар мен ұлдардың, сондай-ақ аспаздардың бейнесінде сахнаға шығып, өз орындауымен қойылымға ерекше сиқыр мен әсемдік қосып, көрермендерді тәнті етті. Балалар қатысқан әр қойылым балет өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсетеді.
Қойылымның әрбір бөлігін көрермендер үлкен қуанышпен қабылдап, әртістерді ұзақ қол шапалақтаумен және ыстық ықыласпен қарсы алды.
«Дон Кихот» - классикалық балет, оның сюжеттік негізі Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» романынан алынған. Балет әділдік орнатуға және әлсіздерді қорғауға ұмтылған рыцарь Дон Кихоттың оқиғалары туралы баяндайды. Сонымен қатар Китри мен Базильдің махаббат хикаясы да қатар өрбиді, ол комедиялық және драмалық жағдайларға толы. Балетте жекелеген динамикалық сололар мен дуэттер ауқымды бұқаралық көріністермен, мерекелермен, көше серуендерімен және әсерлі билермен үйлеседі.
Бұл балет Дон Кихот туралы ғана емес, ол - махаббат пен өмір қуанышы туралы. Дәл осы қасиеттер оны бүкіл әлем көрермендері арасында танымал болуына себеп болды.