Сайт бойынша іздеу
Академия білім алушылары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өнер көрсетті

2026 жылғы 18 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясы білім алушылары «Музей түні – 2026» мәдени акциясына қатысып, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі сахнасында заманауи, спорттық-балдық және ұлттық хореографияны біріктірген жарқын концерттік бағдарлама ұсынды.

Іс-шара Академия білім алушыларының шығармашылық әлеуетін таныту алаңына айналды. Бағдарламаға хореография факультеті оқытушылары мен студенттерінің би өнерінің байлығы мен сахналық бағыттардың сан алуандығын көрсететін қойылымдары енді.

Концерт Марат Бердіқұловтың музыкасына қойылған Алмат Шамшиевтің «Нәзік» хореографиялық композициясымен ашылды. Сонымен қатар көрермендерге 3-курс студенті Каролина Орманованың Винченцо Беллини музыкасына қойылған авторлық «Female» нөмірі ұсынылды.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын Гүлнара Саитованың қойылымындағы халық музыкасына орындалған «Корей биі», сондай-ақ Евгений Моисеевтің қойылымындағы Шәмші Қалдаяқовтың музыкасына жазылған «Жастар вальсі» туғызды. Аталған шығарманы «Спорттық-бал биі педагогикасы» білім беру бағдарламасының студенттері орындады.

Бағдарламаны 2-курс студенті Бауыржан Салауатовтың Nils Frahm музыкасына қойған «Be close to me» хореографиялық композициясы және Тұран ансамблінің музыкасына Алмат Шамшиев қойған «Моншақтар» композициясы қорытындылады.

«Музей түні – 2026» акциясына қатысу Академия білім алушылары үшін орындаушылық шеберлікті, шығармашылық әлеуетті және кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін көрсетуге мүмкіндік болды.