Бүгін Қазақ ұлттық хореография академиясының оқу театрында маңызды іс-шара - 5-сынып оқушыларының балет әртісі мамандығына қадам басу рәсімі өтті.
Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова құттықтау сөз сөйледі:
«Қайырлы күн, қымбатты достар!
Бүгін біз екі маңызды әрі есте қаларлық оқиғаны атап өтудеміз – Мұғалімдер күні мен жас әртістердің кәсіби жолға қадам басуы рәсімі.
Қымбатты біздің «бірінші сынып оқушылары»! Ең алдымен сіздерге зор денсаулық тілеймін. Өйткені біздің мамандық мықты денсаулықты, төзімділік пен еңбекқорлықты талап етеді. Әрине, адам сүйікті ісіне шын жүректен ғашық болуы керек – біздің ғажайып, көркем әрі асқақ өнеріміз – балет өнері. Оны бар жан-дүниеңізбен, жүрекпен сүйіңіздер. Иә, ол үлкен күш-қайратты талап етеді. Иә, бәрі бірден бола қоймайды. Бірақ! Бұл жолда сіздер ең алдымен рухы мықты, нағыз тұлға болып өсесіздер, ең үздіктердің қатарында боласыздар. Қиындықтардан қорықпаңыздар. Ең бастысы – жалқаулыққа салынбаңыздар, себебі уақыт өте тез өтеді. Мына фотосуретке қараңыздаршы (экранда балалар көрсетілді – авт.), жақында ғана оларды алғаш рет сахнаға шыққанымен құттықтаған едік, енді олар сахнада бізді қуантуда. Көзді ашып-жұмғанша, өздеріңіз де мектеп бітіруге таяп, ересек өмірге қадам басасыздар.
Еңбек етіңіздер, тырысыңыздар, ұстаздарыңызды тыңдаңыздар. Сіздерге сәттілік тілеймін, бірақ ұмытпаңыздар: сәттілік аспаннан жай түсіп келмейді, оған жету үшін еңбек керек. Позитивті болыңыздар, адамдарға қуаныш сыйлаңыздар.
Сонымен қатар мұғалімдерді де шын жүректен құттықтап, алғысымды білдіргім келеді. Себебі мұғалім болу – өте үлкен жауапкершілікті, маңызды мамандық. Тіпті, бұл жай ғана мамандық емес, нағыз өмірлік шақырту дер едім. Әсіресе біздің саламызда. Себебі сіздердің оқытушыларыңыз, тәрбиешілеріңіз, педагогтарыңыз сіздермен күн ұзақ бірге болады. Олар сіздерге тек кәсіби білім беріп қана қоймай, мәдениетті, саналы тұлға ретінде қалыптастыруға көмектеседі.
Барлық педагогикалық ұжымға, сүйікті балаларымызды тәрбиелеу ісіне атсалысып жүрген жандардың бәріне алғыс айтамын. Денсаулық, амандық, шыдамдылық пен шабыт тілеймін. Өмірлеріңізде бәрі жақсы болсын. Ризашылық білдіретін шәкірттеріңіз көп болсын. Сіздерге тағзым етемін».
Академияда білім алып жатқан, болашақ балет әртісі болуға алғашқы қадам жасаған оқушылар кәсіби ант беріп, бұл шараның дәстүрлі бөлігіне айналған рәсімді орындады.
Сондай-ақ, жас өнерпаздар Алтынай Абдуахимовнадан ақ тілектермен бірге естелік сыйлықтар алды.