Сайт бойынша іздеу
Академия ректоры мәдени байланыстарды нығайту және креативті индустрияларды дамыту жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты

2026 жылғы 18 маусымда Санкт-Петербург қаласындағы Константинов сарайында («Конгресс сарайы» мемлекеттік кешені) мәдени байланыстарды нығайту және креативті әрі шығармашылық индустрияларды дамыту жөніндегі халықаралық конференция өтті. Конференция ТМД елдерінің мемлекеттік органдарының, білім беру ұйымдарының, мәдениет мекемелерінің және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірді. Конференция жұмысына Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжанова қатысты.

Іс-шараға Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинетінің Төрағасы Әділбек Қасымалиев, Тәжікстан Республикасының Премьер-министрі Қохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, сондай-ақ Түрікменстанның білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев қатысты.

Пленарлық отырыс барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның жаңа Конституциясы зияткерлік және шығармашылық қызметті қорғауға кепілдіктер беретінін, креативті индустрияны одан әрі дамыту үшін берік негіз қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде жаңа нарықтар қалыптасып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ұлттық креативті өнімді халықаралық деңгейде ілгерілету мүмкіндіктері кеңейіп келеді.

Конференция аясында ТМД елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, креативті және шығармашылық индустрияларды дамыту, мәдени бастамаларды қолдау, өнер мен білім беру саласындағы үздік тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ бірлескен халықаралық жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған пленарлық отырыстар мен панельдік пікірталастар өтті.

Қатысушылар шығармашылық жобаларды қолдаудың заманауи тетіктерін, мәдени кәсіпкерлікті дамытуды, мәдениет саласын цифрландыруды, креативті экономика үшін кадрлар даярлауды және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады. Білім беру және мәдени ұйымдардың өзара іс-қимылына, ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтауға және елдер арасындағы шығармашылық алмасудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Конференцияның мәдени бағдарламасы аясында қатысушылар Михайлов театрына, сондай-ақ «Петергоф» мемлекеттік музей-қорығына барып, Санкт-Петербургтің бай тарихи-мәдени мұрасымен және Ресейдің театр және музей өнерінің көрнекті үлгілерімен танысты.

Конференцияға қатысу шетелдік серіктестермен кәсіби байланыстарды нығайтуға, мәдениет саласы мен креативті индустриялардың дамуындағы өзекті үрдістермен танысуға, сондай-ақ бірлескен білім беру және мәдени бастамаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.

Қазақ ұлттық хореография академиясы үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту білім беру сапасын арттыруға, академиялық және шығармашылық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ отандық хореографиялық өнерді халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал ететін басым бағыттардың бірі болып табылады.