2026 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі базасында «Мәдени дәстүрлер мен заманауи шығармашылық тәжірибелерді біріктіру: Қазақстан мен Ресейдің мәдени ынтымақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел модераторлары — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев болды. Кездесу барысында музей ісі, кинематография, білім беру және сахналық өнер салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Іс-шараға Қазақ ұлттық хореография академиясы ректоры Бибігүл Нүсіпжанова қатысып, мәдениет саласындағы білім беру бағытындағы ынтымақтастыққа арналған секцияда сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында халықаралық байланыстарды нығайтудың, тәжірибе алмасудың және Қазақстан мен Ресейдің бейінді оқу орындары арасында бірлескен білім беру жобаларын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Севастополь қаласындағы Хореография академиясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.
Қатысушылар қатарында екі елдің жетекші мәдени мекемелерінің басшылары, музей қауымдастығы, киноиндустрия және театр өнері өкілдері болды. Талқылау барысында дәстүрлі мәдени құндылықтарды заманауи шығармашылық тәжірибелермен ұштастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара қорытындыланып, Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени өзара іс-қимылдың алдағы бағыттары айқындалды.