Сайт бойынша іздеу
Бейжің сахнасындағы жеңіс

2025 жылғы 21-27 қазан аралығында Бейжіңде би мектептері мен орындаушылар арасындағы 9-шы Бейжің балет байқауы өтті. Сонымен қатар осы күндері Бүкіләлемдік би білім беру альянсы (World Dance Education Alliance) аясында 2025 жылғы Бейжің би академиясының форумы және әлемнің жетекші хореографиялық мектептері қатысқан эксклюзивті гала-концерт ұйымдастырылды.

Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері - Торғын Лебен мен Әли Құсаинов - «Сұлулық пен үндестік: би біліміндегі жаһандық алмасу» атты эксклюзивті көрсетілімге қатысып, П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінен Мариус Петипа қойған па де де орындады. Педагог - Светлана Кокшинова.

Екі іс-шараға шақырту алған Академиямыз Бүкіләлемдік би білім беру альянсының мүшесі болуының арқасында асырылды. Альянс құрамында әлемнің бес құрлығынан 38 елдің 70 жетекші хореографиялық оқу орны бар.

Айта кетерлігі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова аталмыш альянстың төраға орынбасары болып табылады. Өзінің құттықтау сөзінде ол Академия студенттерінің өнер көрсетуі Республика күнімен тұспа-тұс келгенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол барша отандастарды Республика күнімен және студенттердің жеңістерімен құттықтады.

Биыл бұл байқауға 10 елден 57 қатысушы жиналды. Солардың ішінде Қазақстанның намысын абыроймен қорғаған Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті Әбілмансұр Сырманов алтын медаль иегері атанды.

Қазылар алқасының құрамында әлемдік балет жұлдыздары: Нина Ананиашвили, Владимир Малахов, Син Лили, Эрик Гильере және басқалар. Ал кеңесшілер ретінде Сяо Сухуа, Джао Рухенг, Фэн Ин сынды белгілі қайраткерлер қатысты.

Финалда қазақстандық балет мектебінің өкілі А. Аданның «Жизель» балетінен Альберт вариациясын және заманауи би нөмірін орындады. Көрсетілген бағдарлама кәсіби орындауымен Бейжің көрермендерінің көңілінен шықты. Финал Бейжің би академиясының Dance Theatre сахнасында өтті.

Бұл байқау қатысушыларға өз өнерін әлемдік деңгейде көрсетуге және кәсіби хореография мамандарының назарын аударуға зор мүмкіндік берді. Сонымен қатар, конкурсанттар үшін әлемдік сахна шеберлері өткізген классикалық би бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Байқау бағдарламасы Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова мен кәсіптік білім беру мектебі-колледжінің педагогі Асет Мұрзақұловтың жетекшілігімен дайындалды.

«Осындай халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысу мен жеңістер студенттерімізге бірегей тәжірибе сыйлап, жаңа жетістіктерге жетелейді және қазақстандық балет мектебінің дамуына зор үлес қосады. Бұл - Қазақстанның әлемдік балет сахнасындағы беделін арттыру жолындағы маңызды қадам», - деді Алтынай Асылмұратова.

Академия ұйымдастырушыларға жылы қабылдау мен жоғары деңгейде өткізілген байқау үшін алғысын білдіреді. Сондай-ақ, бүкіл жол бойы қатысушыларды қолдап, шабыт берген барша жандарға ризашылық білдіреді.

Бұл сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, CNPC, Petro Kazakhstan компанияларының және Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінің қолдауымен жүзеге асты.