2026 жылғы 24–26 сәуір аралығында Астанада Назарбаев Университеті базасында және қалалық мәдени алаңдарда Қазақстан және Ресейдің балалар мен жастарына арналған II Таланттар саммиті өтті.
Саммит жұмысына Қазақ ұлттық хореография академиясының проректоры Айгүл Есентемірова қатысты. Бағдарлама аясында ашылу салтанаты, «Үлкен сын-тегеуріндер» байқауы финалистерінің жобаларын таныстыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен білім беру мен мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған мәдени іс-шара өтті.
Саммиттің негізгі қорытындысы «Талант және табыс» білім беру қоры, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі және Астана қаласының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Құжат ірі білім беру жобаларын жүзеге асыруды көздейді. Олардың қатарында «Қазақстан – Сириус» халықаралық жалпы білім беретін мектебінің құрылысы, Астанада дарынды жастармен жұмыс істеу орталығы мен Жастар ғылыми паркін құру, сондай-ақ Алматы қаласында тиісті инфрақұрылымды дамыту бар.
Саммит аясында шеберлік сабақтары, әдеби іс-шаралар, жобалық интенсивтер, педагогтерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары және бірқатар дөңгелек үстелдер өтті. Кадр даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, тараптар барлық деңгейлерде бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, соның ішінде «Сириус» университетімен ынтымақтастық орнатуға келісті.
фото: sirius-ft.ru