Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясына Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ресми сапармен келді

Кеше Қазақ ұлттық хореография академиясына Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадалина Лупу ханым делегациясымен бірге ресми танысу сапарымен келді.

Сапар барысында қонақтар Академияның оқу аудиторияларын, репетициялық залдарын аралап, оқу-тәрбие және шығармашылық қызметімен танысты. Сонымен қатар, педагогтермен және студенттермен еркін әңгімелесті.

Кездесу барысында өнер, хореография және академиялық алмасу саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағы кеңінен талқыланды. Тараптар шеберлік сабақтарын өткізу, халықаралық фестивальдер мен мәдени іс-шараларға қатысу сияқты бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.

Румыния Елшісі Академия студенттерінің дайындық деңгейін жоғары бағалап, қос елдің мәдени және білім беру мекемелері арасындағы байланыстардың нығая түсетініне сенім білдірді.

Академия, өз кезегінде, румындық серіктестермен тығыз және белсенді ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін растап, шығармашылық және кәсіби байланыстардың орнығуына үміт білдірді.