2026 жылғы 20 наурызда Бухарест қаласындағы «Йон Дачиан» атындағы ұлттық оперетта және мюзикл театрының сахнасында көктем мерекесі – Наурыз мейрамына арналған Қазақ ұлттық хореография академиясының «When the Steppe Awakens: Nauryz in Dance» атты гала-концерті өтті. Қазақстанның болашақ өнер иелерінің дарынды жас өкілдері румын көрермендеріне әлемге әйгілі балет қойылымдарынан үзінділерді, сондай-ақ заманауи шетелдік хореографтардың шығармаларын ұсынды.
Іс-шараның басында Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі – Ерлік Әли құттықтау сөз сөйлеп, Наурыз мерекесінің мәдени маңызы туралы қысқаша айтып, Академияны көрермендерге таныстырды.
Кеш бағдарламасы классикалық, ұлттық және заманауи хореографиялық нөмірлерді біріктірді. Көрермендер Риккардо Дригоның «Раушан гүлі мен көбелектің романы», Людвиг Минкустың «Пахита», Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» және Герман Левенсхольдтың «Сильфида» балеттерінің үзінділерін тамашалады. Анвара Садыкова мен Алмат Шамшиевтің хореографиясындағы «Ақбаян» және «Жолбарыс жүрек» ұлттық билері, «Хассақ» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің заманауи аранжировкасындағы халық музыкасына қойылған қазақ ұлттық қойылымдары ерекше қызығушылық тудырды. Сондай-ақ, бағдарламаға Булат Аюхановтың хореографиясындағы Ференц Листың музыкасына қойылған қазақстандық классика «Махаббат қиялдары» және Като Накао хореографиясындағы Иоганн Себастьян Бахтың музыкасына қойылған «Inside» заманауи нөмірі енгізілді.
Залда түрлі аудитория жиналды: қонақтар арасында жас әртістерді қолдауға келген қазақстандық диаспораның өкілдері де, қазақ мәдениетінің байлығын қызығушылықпен танып-білген Румыния тұрғындары да болды. Концерт жылы әрі мерекелік атмосферада өтті: көрермендер әрбір қойылымды шынайы қошеметпен қарсы алып, жас бишілерге ерекше ықылас білдірді.
Бағдарламаның арнайы қонағы – халықаралық байқаулардың лауреаты, сопрано Лаура Али көрермендерге классикалық және ұлттық репертуардағы шығармаларды орындады.
Концерт пен сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшілігінің және бас демеуші «Rompetrol KMG International» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.