Карантин күнделікті өмірімізге көп өзгерістер әкелді. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты, кейбіреулер үйде жұмыс істеуге, қашықтықтан оқуға мәжбүр, кейбіреулердің жұмысы мүлде тоқтап тұр. Бір сөзбен айтқанда, адамдар бұрын болмаған жағдайларды бастан кешіріп, қоғамнан ұзақ уақыт оқшауланып, өмір сүруде. Карантиннің қаншалықты уақытқа созылатыны, әлемде пандемияны қашан жеңетіні бізге әзір белгісіз. Біз аңғармасақ та, біздің ағзамыз осындай ұзақ өзгерістердің әсерінен күйзеліске ұшырайды. Карантин кезінде психологиялық денсаулықты қалай сақтауға және карантиндегі өмірді қалай жеңілдетуге болады? Сондықтан тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлінің психологы Ибрагим Марал Болатханқызы бірнеше кеңестер ұсынады.
Ата-аналарға кеңес.
Балаларыңыз енді кішкентай емес, олар – студент. Алайда, бұл оларға жасалатын қамқорлықтың азайғаны деген сөз емес. Жас ерекшелігіне қарамастан, олар да осы күрделі кезеңнің қиындықтарын бірге жеңіп шығуға көмектесетін сіздің көңіліңіз бен ақылыңызға мұқтаж. Сондықтан алғашқы кеңес тек сізге қатысты.
Алғашқы қағида «ұшақ» қағидасы: «өзіңіз маска киіп, содан соң балаңызға кигізіңіз» – ең алдымен өзіңіздің қал-жағдайыңызды ойлаңыз. Сіздің эмоциялық көңіл-күйіңіз отбасыңыздың барлық мүшелеріне әсер ететінін естен шығармаңыз. Егер эмоцияға тым беріліп кеткеніңізді байқасаңыз, жалғыз қалуға тырысыңыз, дене жаттығуларын жасап, тыныс алыңыз. Өзіңізден: маған қазір не болды? менің көңілім нені қалайды? мен не істей аламын? деп сұраңыз. Шынайы тілектеріңізді айқындап алу маңызды, себебі оларды әрдайым дұрыс түсіне бермейміз, тиісінше, қалаған бағытымызды ұстанбаймыз.
Өзіңіздің отбасыңыз үшін жоспар және күн тәртібін құрыңыз. Мұны жалғыз емес, бүкіл отбасыңызбен бірге жасаңыз. Балаларыңызбен бүгін қандай жоспар болатынын талқылаңыз. Жұмыс арасында 10-15 минут үзіліс жасап тұрған дұрыс. Студенттердің оқу процесі ұзаққа созылуы мүмкін, сондықтан олардың уақытын қадағалап қойыңыз. Сонымен қатар, күнде бір уақытта ұйқыдан тұрып, бір уақытта сабақ оқыған пайдалы.
Егер жұмыс істесеңіз, онда жұмыс орнын жақсылап ұйымдастырыңыз. Барлық қажетті заттың қолжетімді болғаны маңызды. Уақытты, жұмыс пен демалыс орындарын ойластырыңыз. Жұмыста да түскі асқа үзіліс болатынын естен шығармаңыз.
Жаңалықтарды көп оқымаңыз. Дұрысы күніне көп болса 1 немесе 2 рет қана жаңалықтарды қараңыз. Вирустан жаңа құрбан болғандар туралы жаңалық іздеп, жаңалық сайттарын көрмеңіз. «Жағымсыз нәрселерді» жинамаңыз. Өзіңіздің алаңдаушылығыңызды одан сайын толықтыра түсесіз, ал бұл иммунитетіңізге әсер етеді.
Отбасының әр мүшесі үшін жалғыз қалуға болатын орын мен уақытты белгілеңіз. Жеке бөлме болуы міндетті емес, уақытты жеке өткізуге болатын орын болса жеткілікті.
Карантинтің жағымсыз жақтары болса да, өзін-өзі оқшаулаудың да жақсы жақтары бар. Отбасы мүшелері бірге болғанда, өз сезімдеріңізбен бөлісіп, бір-біріңізді тыңдап, әңгіме-дүкен құруға болады. Кейде жасөспірімдер ата-аналарына өздерін алаңдататын жайттарды айта алмайды. Міне, осы уақытты пайдаланып, бір-біріңізге жақын болуға тырысыңыздар. Бірге ойын ойнап, өзіңіз туралы қызықты оқиғалармен бөлісіңіз, оларға қызықты болатыны сөзсіз, үйде шағын концерттер қойыңыздар, басқа да көптеген істермен айналысуға болады.
Балаларды арнайы көңіл көтеріп, ойнату қажет емес. Олардың үй жұмыстарын атқарып, Сізге көмектескені дұрыс. Оларға да үй ішіндегі жұмыстарға жауапкершілік жүктеңіз. Сонда әрқайсысы үй жұмысындағы істерге өз үлесін қосады.
Балаларыңыз үшін алаңдауды тоқтатыңыз. Біріншіден, олар да күйзелісте жүр, оны одан сайын үдетесіз. Екіншіден, сіздің бойыңыздағы алаңдаушылық – бұл сіздің жауапкершілік ортаңыз. Одан да өзіңізге неден қорқамын, шынында осыған негіз бар ма, егер бар болса, мен не істей аламын деген сұрақтар қойып ойыңызды ретке келтіріңіз. Әдетте, адам алаңдаушылық білдіргенде, оның ішкі қорқыныштары күшейе түседі. Неден қорқатыныңызды анықтап, суретін салыңыз, суретке барлық ішкі сезімдеріңізді түсіруге тырысыңыз, кейін суретті жыртып тастаңыз.
Өзіңізге ұнайтын істерді жасаңыз, ал балалар өздері сізге қосылып, бірге істейді.
Студенттерге кеңес
Құрметті Академия студенттері!
Қазір бәріміз карантин кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Елімізде көптеген адамдардың тұрмыс салты өзгерді. Оқу, достармен, ата-анамен, туған-туыстармен қарым-қатынас қашықтық режиміне көшті. Мұндай өзгерістер, сондай-ақ карантин кезеңінің белгісіздігі біздің жалпы көңіл-күйімізге әсерін тигізуде. Сондықтан қазір өз-өзімізге көмек көрсету шаралары өзекті болып отыр. Оларды қарастырып көрейік:
Не істесеңіз де, ҮЙДЕ ҚАЛЫҢЫЗ. Өзіңізді және туғандарыңызды күтіңіз!