Сайт бойынша іздеу
Science Cafe: «Моцарт пен 91 тобын не байланыстырады?»

Академияда «Моцарт пен 91 тобын не байланыстырады?» тақырыбында Science Cafe кездесуі өтті. Кездесудің спикері – музыкатанушы Балнұр Сардарбек.

Іс-шараға «Хореография», «Арт-менеджмент» және «Өнертану» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты. Кездесу аясында музыка өнерін ғылыми тұрғыдан талдау, классикалық және заманауи музыканың өзара байланысын зерттеу мәселелері қарастырылды.

Спикер Вольфганг Амадей Моцарт шығармаларындағы музыкалық құрылымдар, композициялық тәсілдер мен интонациялық ерекшеліктердің қазіргі қазақстандық музыкада, соның ішінде Ninety One тобының шығармашылығында көрініс табуын мысалдар арқылы түсіндірді. Сонымен қатар топтың қалыптасу кезеңдері, шығармашылық ізденістері, кәсіби қиындықтары және қазіргі музыкалық индустриядағы орны туралы айтылды.

Кездесу барысында студенттер музыканы ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастыру, музыкалық стильдердің эволюциясы, мәдени ықпал және аудиториямен коммуникация мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Ашық диалог форматындағы кездесу қатысушылардың ғылыми және шығармашылық қызығушылығын арттырды.

Science Cafe алаңы студенттердің сыни ойлауын дамытуға, өнер мен ғылым арасындағы байланысты тереңірек түсінуге және заманауи музыкалық үдерістерді зерттеуге мүмкіндік берді.