Қазақ ұлттық хореография академиясы Екатерина Максимова атындағы «Арабеск-2026» әйгілі байқаудағы жеңісі туралы зор мақтанышпен хабарлайды. Аталған байқау Пермь қаласында өтті және әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды жас әртістерді біріктірді.
Әлемдегі ең беделді халықаралық балет байқауларының бірі саналатын бұл конкурс дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіліп, әлемнің түрлі елдерінен қатысушыларды жинайды. 2026 жылы ол 15–25 сәуір аралығында өтіп, жобаның 40 жылдығына арналды.
Академияның кәсіптік білім беру мектеп-колледжiнiң «Балет әртісі» біліктілігі бойынша 1-курс студенті Сырманов Әбілмансұр (педагогы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әсет Әбдібайұлы Мурзақулов) барлық сынақтардан сәтті өтіп, жоғары кәсіби дайындық деңгейі мен сахналық шеберлігін көрсетті.
Сырманов Әбілмансұр кіші топ бойынша II дәрежелі лауреат атанды.
Байқаудың бірінші турында Әбілмансұр «Жизель» балетінен Альберттің вариациясын, сондай-ақ «Венециялық карнавал» балетінен вариация орындады.
Екінші турда ол «Аққу көлі» балетінен ханзада Зигфридтің вариациясын және қазақстандық хореограф Сұлтанбек Ғұмар қойған заманауи «Сағыныш» нөмірін жоғары деңгейде орындады.
Қорытынды үшінші турда Әбілмансұр «Дон Кихот» балетінен Базильдің вариациясын және «Щелкунчик» балетінен Ханзада вариациясын сахналады.
Сонымен қатар, ол «Бидегі академизм мен мәнерлілік үшін» атты баспасөз қазылар алқасының арнайы дипломымен марапатталды.
Бұл жетістіктер тек қатысушының жеке талантының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар Академия педагогтарының жүйелі әрі кәсіби еңбегінің жемісі болып табылады.
Біз жас дарындарға халықаралық сахнада өздерін көрсетуге мүмкіндік берген байқау ұйымдастырушыларына алғыс білдіреміз және жас таланттарды қолдағаны үшін Нұрлан Конокбаев мырзаға шынайы ризашылығымызды білдіреміз.