Астанада Қытай Халық Республикасының ең басты дәстүрлі мейрамдарының бірі – отбасы бірлігі мен алдағы күнге үміт пен молшылықты ұлықтайтын «Күз ортасы» мерекесіне (Чжунцюцзе) арналған салтанатты шара өтті.
Ресми құттықтаулар мен шығармашылық тоғысқан бұл шарада Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь сөз сөйледі. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени байланыстар мен достық қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Кештің сәнін келтірген өнерпаздардың шеберлігі жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерекелік бағдарлама Қазақ ұлттық хореография академиясы білім алушыларының орындауындағы «Савурден домбырамен тоғысқанда» атты хореографиялық композициясымен қорытындыланды.
Жас дарындар өз өнерлері арқылы екі елдің бай мәдени дәстүріне құрмет көрсетіп, хореографиялық білім беру саласына жасалып жатқан қолдау үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Мұндай ауқымды мәдени бастамаларға атсалысу – серіктестер арасындағы шығармашылық байланысты бекемдеп, өзара сыйластықты арттыруға жол ашады.