Сайт бойынша іздеу
Академияға Болгариядан қонақтар келді

2025 жылғы 1–5 желтоқсан аралығында Erasmus KA 171 – Халықаралық кредиттік мобильдік бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық хореография академиясына жұмыс сапарымен Профессор Асен Диамандиев атындағы музыка, би және бейнелеу өнері академиясының ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректоры, профессор, доктор Антон Андонов және оның ассистенті, доктор Виталий Емельяненков (Пловдив, Болгария) келді.

Болгариядан келген қонақтардың мақсаты – Академия білім алушыларына арналған практикалық сабақтар мен дәрістер өткізу, сондай-ақ Академия педагогтерімен тәжірибе алмасу.

Профессор Антон Андоновтың оқу қызметі келесі тақырыптар бойынша практикалық сабақтарды қамтиды: «Тракия, Пирин және Шоплук этнографиялық аймақтарынан би стилі мен ерекшеліктері» және «Солтүстік Болгария мен Добруджадан би стилі мен ерекшеліктері».

Профессордың ассистенті Виталий Емельяненковтың оқу қызметі келесі дәрістерді қамтиды: «Әлемдік хореография өнерінің тарихы» және «Болгар балетінің тарихы».

Сонымен қатар екі қонақтың сапары Академиядағы білім беру процесін бақылауды (бакалавриаттың білім беру бағдарламалары аясында Академия оқытушыларының сабақтарына қатысу, әріптестермен оқыту әдістерін, оқу бағдарламаларын, практикалық тапсырмаларды және білім беру процесінің басқа аспектілерін талқылау) көздейді.

Сапар барысында қонақтарға «Астана Балет» және «Астана Опера» театрларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне баруды қамтитын мәдени бағдарлама өткізіледі.