Қазақ ұлттық хореография академиясына Токио қаласындағы Yoshiko Takagi Ballet School мектебінен делегация келді. Делегация құрамында 23 оқушы мен 3 педагог бар. Қонақтар 2025 жылғы 10 қарашадан 15 қарашаға дейін Академияның базасында жыл сайын ұйымдастырылатын күзгі мектепке қатысады.
Қошемет сөзінде Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамыту маңыздылығын атап өтіп, жапон оқушыларының сапары – Yoshiko Takagi Ballet School мектебі жан-жақты қолдайтын жақсы дәстүрге айналғанын айтты. Atelier Yoshino достық пен ынтымақтастық белгісі ретінде Қазақстан оқушыларына арнайы әкелінген сахналық киімдерді Академияға сыйлады.
Бибігүл Нұрғалиқызы сыйлықтар үшін, сондай-ақ Ёсие Нарисава ханым Қазақ ұлттық хореография академиясын таңдап, оқушыларын балет өнеріне үйретуге сенім артқаны үшін алғысын білдіріп, қатысушыларға қызықты әрі мазмұнды бағдарлама, шабыт пен Қазақстанда өткізген уақыттан ұмытылмас әсерлер тіледі.
Yoshiko Takagi Ballet School директоры Ёсие Нарисава Қазақстанның балет мектебінің жоғары деңгейін атап, оны күшті әрі ынтымақтастыққа ашық мектептердің бірі деп бағалады, Қазақ ұлттық хореография академиясының осы беделді сақтап, дамытуға лайық екенін айтты.
Академия аумағында шамамен бір апта болатын қонақтар үшін қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізілді, сондай-ақ корпус пен музейге экскурсия ұйымдастырылды. Алда оларды Академияның жетекші педагогтарынан классикалық және халық-сахналық билер бойынша қызықты шеберлік сыныптары мен мәдени бағдарлама күтіп тұр.