Сайт бойынша іздеу
Академия ректоры ЮНЕСКО аясындағы халықаралық форумға қатысты

2026 жылғы 19–20 мамыр күндері Қарағанды қаласында ЮНЕСКО-ның 80 жылдығы мен Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының Қарағанды облысы бойынша өңірлік өкілдігінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бейбітшілік пен өнер жолындағы серіктестік» халықаралық форумы өтті.

Форум аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан және Әзербайжан елдерінің білім және мәдениет саласының өкілдерін біріктірген «ЮНЕСКО клубтары қызметіндегі өзекті бағыттар, жетістіктер мен инновациялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Форумда Қазақ ұлттық хореография академиясы атынан Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова қатысты. Ол «Білім беру жүйесіндегі үздік тәжірибелер мен әдістемелік жаңашылдықтар» семинарының модераторы болып, хореографиялық білім беру саласындағы заманауи тәсілдерге арналған «Жаңа буын хореография академиясы: тәжірибе мен перспективалар» тақырыбында баяндама жасады.

Форумдағы Астана қаласының делегациясын Қазақ ұлттық хореография академиясының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Сағыныш Сұлтанова басқарды.

Форум бағдарламасы халықаралық семинарлардан, шеберлік сабақтарынан, көрмелер мен мәдени іс-шаралардан құралды. Іс-шаралар халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және мәдени-білім беру бастамаларын ілгерілетуге бағытталды.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар ЮНЕСКО клубтары мен білім және мәдениет ұйымдары арасындағы серіктестікті нығайту және одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.