2026 жылғы 30–31 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Тайюань қаласында әлемнің әртүрлі елдерінен келген үздік спортшылардың басын қосқан беделді IBDS Grand Slam халықаралық спорттық-бал биі турнирі өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясының «Спорттық-бал биінің педагогикасы» білім беру бағдарламасының студенті Санжар Жанатауов (жаттықтырушысы – Макаров Д., «ТСК «InWite») жоғары кәсіби дайындық деңгейін, орындаушылық шеберлігін көрсетіп, Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғады.
Спортшы әртүрлі жарыс санаттарында төмендегідей нәтижелерге қол жеткізді:
• 2 алтын медаль;
• 1 күміс медаль;
• 1 қола медаль (ересектер санаты).
Санжар Жанатауовтың жоғары нәтижелері оның қажырлы еңбегінің, мақсаткерлігінің және кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі болып табылады. Сонымен қатар бұл жетістік Қазақ ұлттық хореография академиясында спорттық-бал биі саласы бойынша мамандар даярлаудың жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Санжар Жанатауовты, оның жаттықтырушысын, профессор-оқытушылар құрамын және хореография факультетінің ұжымын халықаралық турнирдегі жарқын жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да толағай табыстар, биік белестер мен Қазақстан Республикасының және Қазақ ұлттық хореография академиясының абыройын халықаралық деңгейде асқақтата берулеріне тілектеспіз.