Сайт бойынша іздеу
Академия студенттері «BIRLIK» ансамблінің құрамында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Спартакиадасының финалдық кезеңінің ашылуына қатысты

2026 жылғы 13 маусымда Астана қаласындағы «QAZAQSTAN» жеңіл атлетика спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік қызметшілері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері арасында өткен Спартакиаданың финалдық кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Спартакиаданың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, сондай-ақ мәдениет және ақпарат саласы қызметкерлері арасында корпоративтік рухты нығайту. Жарыс бағдарламасына қазақ күресі, қол күресі, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, волейбол, баскетбол және шағын футбол спорт түрлері енгізілді.

Ашылу салтанатының шығармашылық бағдарламасына «BIRLIK» ансамблінің өнер көрсетуі сән берді. Ансамбль құрамында Қазақ ұлттық хореография академиясының білім алушылары да өнер көрсетті. Студенттердің қатысуы спорт мерекесінің мәдени бағдарламасын толықтырып, іс-шара қонақтары мен қатысушылары үшін ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Академия студенттерінің республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысуы олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, сахналық тәжірибесін арттыруға және хореографиялық өнерді кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Спартакиаданың финалдық кезеңі еліміздің түкпір-түкпірінен келген мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерін біріктіріп, кәсіби байланыстарды нығайтуға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және мәдениет пен ақпарат саласындағы спорттық қозғалысты дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.