Сайт бойынша іздеу
Академия студенттері «GULDER» ансамблінің концерт-дәрісіне қатысты

2026 жылғы 14 маусымда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «GULDER» ансамблінің «EXPERIENCE №4: паванадан қазақ вальсіне дейінгі дәуірлер диалогы» атты концерт-дәрісі өтті.

Жоба көрермендерді бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан би мәдениетінің тарихымен таныстырып, әртүрлі дәуірлердің эстетикалық ерекшеліктері мен сахналық пластикасының алуан қырын көрсетті.

Бағдарламаға павана, минуэт, полонез, вальс, танго, латина және Қазақ вальсі сияқты би жанрлары кірді. Олардың әрқайсысы өз дәуірі мен мәдени дәстүрлерінің ерекшеліктерін көрсетті, ал осы хореографиялық сапардың символдық қорытындысына айналған Қазақ вальсі ұлттық өнердің сабақтастығын және оның әлемдік мәдени мұрамен байланысын атап өтті. Іс-шараның маңыздылығын арттыра түскен жайт — оның авторлары Қазақ ұлттық хореография академиясының педагогтері, халықаралық байқаулардың лауреаты, «GULDER» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова және ансамбльдің педагог-хореографы Дана Қуанышбекова болды.

Концерт-дәріске «GULDER» ансамблінің әртістері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев, эстрада әншісі Айсұлу Жақ, халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұрай Шеру мен Батыржан Смақов, өнертану ғылымдарының докторы Мадина Капеу-Коханова, «SAMGA» квартеті, сондай-ақ Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері қатысты.

Академия білім алушылары үшін бұл мәдени-ағартушылық іс-шараға қатысу шығармашылық тәжірибені толықтыруға, өнер қайраткерлерімен бір сахнада өнер көрсетуге және би өнері мұрасын насихаттауға өз үлестерін қосуға мүмкіндік берді.

«EXPERIENCE №4: Паванадан қазақ вальсіне дейінгі дәуірлер диалогы» концерт-дәрісі әртүрлі кезеңдердегі би дәстүрлерінің сабақтастығын көрсетіп, ұлттық және әлемдік мәдениеттің өзара байланысын, сондай-ақ хореография өнерінің шығармашылықтың әмбебап тілі ретіндегі маңызын айқындады.

Фото: QAZAQ concert

Шахназар Мұхамбет