Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польша мен Қытайда білім алып жатқан Қазақ ұлттық хореография академиясының білім алушылары Академияны халықаралық концерттік алаңдарда сәтті таныстырды.
Варшава қаласында Фредерик Шопен атындағы Музыка университетінің хореография бөлімінің білім алушылары мен Симфониялық оркестр қатысқан ауқымды жаңа жылдық концерт өтті. Концерттік қойылымдар алғаш рет бір уақытта әртүрлі концерт залдарында ұйымдастырылды: Симфониялық оркестр залында экран арқылы би қойылымының тікелей көрсетілімі жүргізілсе, хореография залында оркестрдің орындауы көрсетілді. Осы концертке біздің Академияның білім алушылары Төлепберген Бона мен Иванова Полина қатысып, П.И. Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен Дюк Эллингтонның джаздық өңдеуіндегі музыкаға қойылған екі нөмірді орындады.
Айта кету керек, осы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Академияда Польша елінен келген студенттер – Миколай Чижовский мен Люсия Плута (Фредерик Шопен атындағы Музыка университеті) білім алуда. Олар Академияның ішкі іс-шаралары мен концерттеріне қатысумен қатар, Көкшетау қаласындағы гастрольдік сапарларда да өнер көрсетті.
Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері Милана Струсинская мен Бауыржан Салауатов Бейжің би академиясында білім ала жүріп, түрлі жобаларға белсенді қатысып, өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін көрсетуде. «Beijing International Students Night 2025» атты ауқымды халықаралық іс-шара біздің білім алушылардың қазақтың «Ортеке» би нөмірімен ашылды.
Сонымен қатар, олар Бейжің би академиясының білім алушыларымен бірлесіп «Кариб биі» және «Барабандармен қытай биі» нөмірлерін көрермен назарына ұсынды.
Мұндай өнер көрсетулер студенттерге бірегей сахналық тәжірибе алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қазақстандық би мектебін, Қазақстанның мәдениеті мен өнерін кеңінен насихаттауға ықпал етеді.