Сайт бойынша іздеу
АКАДЕМИЯ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ЖҰЛДЫЗДЫ ЖОЛЫ: ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН ЖАЛҒАҒАН ӨНЕР

22 қараша күні «Astana ballet» театрының сахнасында кәсіби хореографиялық оқу орындарының «TEMPS LIÉ» IV Халықаралық фестивалінің қорытынды гала-концерті - «Академия түлектерінің жұлдызды жолы» өтті. Кеш Академия қабырғасынан түлеп ұшқан, бүгінде еліміздің жетекші сахналарында өнер көрсетіп жүрген әртүрлі буын өкілдерін бір сахнаға тоғыстырды.

Фестивальдің қорытынды күні ұрпақтар сабақтастығына, әртістердің кәсіби қалыптасу жолына және ұстаз, шәкірт пен сахна арасындағы ажырамас байланысқа арналған ерекше оқиға болды.

Кезінде олар Академияның жас шәкірттері болып, классикалық және заманауи бидің қыр-сырын меңгеріп, хореографиялық шеберліктің негіздерін үйреніп, алғашқы оқу қойылымдарына қатысып, үлкен өнер жолына енді ғана қадам басқан еді. Бүгінде олар — кәсіби тұрғыда қалыптасқан әртістер, «Астана Опера», «Astana Ballet» театрларының солистері мен жетекші орындаушылары, сондай-ақ «Gulder» ансамблінің әртістері. Олардың есімдері қазіргі қазақ хореографиялық өнерінің тарихынан лайықты орын алып келеді.

Гала-концерт түлектердің бір сахнада қайта қауышып, шығармашылық жетістіктерін паш етуіне және оқу жылдарында бойларына сіңірген білім, кәсіби дағдылар мен көркемдік дәстүрлердің бүгінгі сахналық шеберліктерінде қалай көрініс табатынын көрсетуге мүмкіндік берді.

Кештің екі бөлімнен тұратын бағдарламасы әлемдік балет классикасын, ұлттық хореографиялық композициялар мен заманауи қойылымдарды біріктірді.

Бірінші бөлімде көрермендерге әлемдік балет өнерінің жауһарлары ұсынылды. «Астана Опера» театрының әртістері Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен па-де-де мен Көгілдір құс пен ханшайым Флоринаның па-де-десін, сондай-ақ Жорж Бизенің «Кармен» балетінен адажионы орындады. «Astana Ballet» театрының әртістері Василий Соловьев-Седойдың музыкасына қойылған әйгілі «Гопак» биін ұсынды. Кештің ұлттық бояуын А.Садықованың хореографиясындағы «Хафиз» және С. Ғұмардың «Мәңгүрт» композициялары айшықтай түсті.

Сонымен бірге, көрермендерді хореографиялық бағыттардың сан алуандығымен таныстыруды жалғастырды. «Gulder» ансамблінің әртістері Steppe Sons тобының музыкасына қойылған «Қорқыт» композициясын ұсынып, авторлық хореография мен street dance элементтерін үйлестірді. Классикалық балет дәстүрі «Жизель» және «Талисман» балеттерінен па-де-де, сондай-ақ «Дон Кихот» балетінен сыған биі арқылы көрініс тапты. Бағдарламаның ерекше бөлігін Клаудио Монтевердидің музыкасына Т.Загидуллин қойған «Махаббат мұз бен жалынды тоғыстырады» хореографиялық туындысы құрады. Оны «Astana Ballet» театрының солистері орындады.

Концерттік бағдарламаның шарықтау шегі екінші бөлімде ұсынылған Х. Шанғалиевтің музыкасына қойылған, хореографы С. Ғұмар «Мәңгіліктің төрт сыры» композициясы болды. Қойылымда төрт көркем бейне – ғашықтық, махаббат елесі мен құштарлық, күрес және қабылдау арқылы адам сезімдерінің сан қырлылығы мен өмірдің мәңгілік құндылықтары ашылды. Әрбір бейне өзіндік пластикалық шешімге ие болып, біртұтас хореографиялық тарихқа ұласты.

Қорытынды кештің маңыздылығын арттыра түскен тағы бір жайт – фестивальдің биыл он жылдық мерейтойын атап өтіп отырған Қазақ ұлттық хореография академиясының шығармашылық жолымен тұспа-тұс келуі. Осы уақыт ішінде Академия кәсіби хореографиялық білім берудің маңызды орталығына айналып, талантты педагогтерді, жас орындаушыларды және халықаралық шығармашылық қауымдастық өкілдерін біріктірді. Оның түлектері жетекші театрлардың құрамын толықтырып, халықаралық сахналарда Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, отандық балет өнерінің дамуына үлес қосып келеді.

«Академия түлектерінің жұлдызды жолы» гала-концерті «TEMPS LIÉ» IV Халықаралық фестивалінің символдық қорытындысы ғана емес, Академияның он жылдық шығармашылық жолының да айқын көрінісіне айналды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы, өнерге адалдық және оқу сыныптарында жасалған алғашқы қадамдардың уақыт өте келе кәсіби мойындау мен үлкен жетістіктерге ұласуы туралы тарих.

Бір Академия. Бірнеше буын. Өнерге деген ортақ махаббат біріктірген біртұтас шығармашылық әлем.

«TEMPS LIÉ» IV Халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Дегенмен фестивальдің артында жаңа шығармашылық таныстықтар, кәсіби жаңалықтар мен жарқын әсерлер қалды. Ал оның басты идеясы — хореографиялық қауымдастықтың бірлігі, дәстүрлерді сақтау және өнерді алға дамыту — әрбір әртістің, педагог пен шәкірттің шығармашылығы арқылы жалғасын табады.