Сайт бойынша іздеу
Академияға Қытайдан қонақ келді

Қазақ ұлттық хореография академиясына Қытайдан әртіс әрі хореограф Марзия Мутайлифу арнайы сапармен келді.

2026 жылғы 25-30 мамыр аралығында шығармашылық сапар аясында ол білім алушыларға арналған бірқатар шеберлік сабақтарын өткізеді, сондай-ақ Академия репертуарының бір бөлігіне айналатын моңғол биінің қойылымын сахналайды.

Марзия Мутайлифу – сахнада 20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби биші. Ол Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Инин қаласында дүниеге келген және Гуандун хореографиялық училищесін «Қытай биі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Көптеген жылдар бойы өнерпаз Іле Қазақ автономиялық округінің Ән және би театрында (Қытай) қызмет етіп, ірі мәдени жобалар мен халықаралық гастрольдерге қатысқан.

Хореограф қытай, моңғол, қазақ және өзге де халық билерін қою саласында, сондай-ақ дәстүрлі вокал өнерінде кәсіби білімі бар. Шығармашылық жолында Марзия Мутайлифу бірнеше мәрте беделді байқаулар мен фестивальдердің лауреаты атанып, Қытайдағы ауқымды мемлекеттік мәдени іс-шаралар мен халықаралық өнер жобаларына қатысқан.

2024 жылы әртіс қатысқан «Шебер келіндердің бақытты өмірі» қойылымы II Шыңжаң мәдениет және өнер фестивалінде қола жүлдеге ие болды. Ал 2025 жылы ол Шыңжаң халықаралық би фестиваліне қатысып, арнайы концерттік бағдарлама аясында Қазақстанда өнер көрсетті.

Академия ұжымы шетелдік мамандармен шығармашылық ынтымақтастық студенттерге кәсіби дамуға, түрлі орындаушылық мектептермен танысуға және шығармашылық көкжиегін кеңейтуге жаңа мүмкіндік беретініне сенімді.

«E-Light» мәдени-шығармашылық жобасы China National Petroleum Corporation компаниясы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауының арқасында жүзеге асырылды.