Сайт бойынша іздеу
Академия Севастополь қаласының «Хореография академиясымен» меморандумға қол қойды

Астанада Ресейдің мәдениет күндері кезеңінде Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Севастополь қаласының «Хореография академиясы» арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова мен Севастополь академиясының ректоры, Үлкен театрдың прима-балеринасы Мария Александрова ресми рәсім барысында құжатқа қол қойып, одан әрі өзара ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Ресей тарапының өкілі бұл ынтымақтастықтың Ресейдің білім беру мекемесі үшін тарихи маңызын ерекше атап өтті.

Меморандум мәдениет, өнер және білім беру салаларындағы серіктестікті дамытуға, сондай-ақ екі ұйым арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған.

Ынтымақтастық хореографиялық өнер саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды көздейді. Олардың қатарында академиялық инновацияларды дамыту және оқытудың заманауи әдістерін енгізу, бірлескен жобалар, шеберлік сабақтары, семинарлар, фестивальдер және басқа да мәдени-білім беру іс-шараларын өткізу, сондай-ақ тәжірибе алмасу мақсатында білім алушылар мен педагогтарға арналған тағылымдама бағдарламаларын ұйымдастыру бар.

Севастополь қаласындағы «Хореография академиясы» – 2019 жылы құрылған жоғары білім беретін федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі. Бұл оқу орны балет әртістерін, педагогтерді және хореографиялық өнер саласының мамандарын даярлап, орта кәсіби, жоғары және қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.

Академияның негізгі қызмет бағыттарына балет және театр саласына кадрлар даярлау, хореографияны оқыту әдістемелерін дамыту, сондай-ақ концерттер, шеберлік сабақтары мен фестивальдер сияқты шығармашылық және білім беру жобаларын іске асыру кіреді. Мекеме Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің жүйесіне кіреді және мәдени-білім беру инфрақұрылымын дамыту аясында құрылған.

Меморандумға қол қою Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-білім беру байланыстарын нығайтудағы маңызды қадам болып, хореографиялық өнер саласындағы одан әрі ынтымақтастықты дамытуға негіз қалады.