Қазақ ұлттық хореография академиясының ұжымы Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысты.
Академия қызметкерлері мен білім алушылары оқу орнының аумағында сенбілік өткізді. Қатысушылар бірлесіп Академия аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Осылайша олар қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
«Арт-менеджмент» білім беру бағдарламасы бойынша өнер факультетінің екінші курс студенті Елдана Капенова Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, еріктілердің, жастардың, экологиялық белсенділердің және елорда тұрғындарының қатысуымен Астананың президенттік саябағында өткен ауқымды экологиялық акцияға қатысты.
Іс-шара барысында Президент акцияға қатысушылармен бірге ағаш отырғызып, қаланың жасыл қоғамдық кеңістіктерін одан әрі дамыту жобаларымен танысты. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының қысқа уақыт ішінде әртүрлі жастағы және түрлі мамандық иелерін абаттандыру мен экологиялық жауапкершілік идеясының төңірегіне біріктірген жалпыұлттық қозғалысқа айналғанын атап өтті.
«Тазалық әрбір азаматтың өмір салтына айналуы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Академия ұжымының экологиялық іс-шараларға қатысуы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жүзеге асыруға қосқан нақты үлесі болды. Мұндай акциялар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға, сондай-ақ туған еліміздің тазалығы мен көркеюіне деген жеке жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.