2026 жылғы 28 қаңтарда Қазақ ұлттық хореография академиясының конференц-залында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ақпараттық кездесу өтті. Іс-шараға Бейжің би академиясында білім алып келген хореография факультетінің студенттері – Милана Струсинская мен Бауыржан Салауатов қатысты.
Кездесу барысында студенттер шетелде оқу тәжірибелерімен бөлісіп, сабақтардың ұйымдастырылуы, білім беру бағдарламасының құрылымы және елден жырақта жүргенде кездескен қиындықтар туралы айтып берді. Олардың айтуынша, Қазақстанда алған кәсіби дайындықтары Бейжің би академиясының оқу және шығармашылық процесіне сенімді түрде кірісуге, сондай-ақ шетелдік студенттер түні секілді ірі мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берген.
Өз презентацияларында Милана мен Бауыржан Бейжің қаласы мен Бейжің би академиясы туралы әсерлерімен бөлісіп, оқыту әдістемелерін салыстырды және классикалық әрі заманауи хореография бөлімдеріндегі сабақтар жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар, академиялық ұтқырлық конкурсына қатысуды жоспарлап отырған студенттерге практикалық кеңестер берді.
Студенттердің пікірінше, шетелде оқу хореографиялық өнерге балама көзқарастармен танысуға, халықаралық өзара іс-қимылдың құнды тәжірибесін алуға, стресске төзімділікті дамытуға және тәртіп деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Кездесуге қатысушылар әңгімеге белсенді қатысып, Милана мен Бауыржанға сұрақтар қойды.
Мұндай академиялық және мәдени ұтқырлық бағдарламалары болашақ әртістердің шығармашылық көкжиегін кеңейтуге, қазақстандық хореография мектебінің жоғары деңгейін көрсетуге және білім беру мекемелері арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Аталған ақпараттық кездесу 2026 жылғы 29 қаңтарда басталатын жаңа академиялық ұтқырлық конкурсы қарсаңында халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімі хореография факультетімен бірлесіп ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – студенттерді хабардар ету және шетелде білім алудың ерекшеліктерін түсіндіру.