2026 жылғы 19 мамырда Қазақ ұлттық хореография академиясы базасында «Гүлдер» ансамблінің репертуарын қалыптастыру қағидаттары» тақырыбында Science Café форматындағы кездесу өтті.
Іс-шараның спикері ретінде «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова сөз сөйледі.
Кездесу барысында Анвара Әріпқызы «Гүлдер» ансамблінің қалыптасу тарихы, ребрендинг тұжырымдамасы және даму бағыттары туралы әңгімеледі. Қатысушылар үшін ансамбль тарихына қайта үңіліп, оның 1960–1980 жылдардағы Қазақстан мәдениетінің дамуына қосқан үлесін зерделеу маңызды болды. Бейнематериалдар мен фотоархивтер көрсетілген мұра туралы әңгіме аясында тыңдаушылар жаңа «Гүлдердің» бұрынғы ансамбльмен сабақтастығы жөнінде көптеген тың мәлімет алды. Сонымен қатар Science Café қонақтары кездесу бойы жас ұжымның шығармашылығын ХХ ғасырдағы «Гүлдер» ансамблінің ауқымымен салыстыра отырып бағалады.
Бүгінде «Гүлдер» — өзіндік қолтаңбасы бар шығармашылық ұжым. Ол бірегей репертуар қалыптастырып, дарынды адамдарды шығармашылық жобаларға біріктіруді жалғастырып келеді. Ансамбльдің дамуының басты шарты — әрбір қатысушының кәсіби жетілуге деген ұмтылысы мен қабілеті екені сөзсіз. Ансамбль әртістері хореографтардың қойылымдарын орындап қана қоймай, қоюшы-балетмейстер, либреттист және педагог-репетитор рөлдерін де сынап көруге мүмкіндік алады.
Кездесу барысында мәдени мұраны сақтау, жаңа сахналық шешімдерді іздеу және «Гүлдер» ансамблінің отандық өнерді дамытудағы маңызы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара пікір алмасу мен кәсіби тәжірибе бөлісу алаңына айналып, жылы әрі достық атмосферада өтті. Кездесу соңында Анвара Садықова қатысушыларға екі жыл бұрын Отан сатқындарының әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің аумағында түсірілген «Алжир» хореографиялық бейнежобасын ұсынды. Қатысушылар бұл жобаны жасанды интеллект мүмкіндіктері, музейлік кеңістік, халық музыкасы («Толғау» күйі), әсерлі орындаушылық (Айдарханқызы Іңкәр) және балетмейстер таланты үйлескен жарқын эксперимент ретінде жоғары бағалады.