Сайт бойынша іздеу
Академияда әлемнің жетекші сарапшылары шеберлік сабақтарын өткізді

2026 жылғы 3-4 сәуірде Қазақ ұлттық хореография академиясының базасында Бурнонвиль стилі бойынша шеберлік сабақтары өтті. Сабақтарды Даниядан келген әлемдік жетекші сарапшылар – Dinna Bjørn және Eric Viudes жүргізді.

Іс-шара халықаралық мәдени жоба аясында ұйымдастырылып, Академия білім алушыларының кәсіби шеберлігін дамытуға және оларды шынайы еуропалық балет дәстүрімен таныстыруға бағытталған.

Dinna Bjørn – Август Бурнонвиль мұрасы саласындағы әлемдегі жетекші мамандардың бірі және даниялық балет дәстүрінің көрнекті өкілі. Ол бұрын Norwegian National Ballet (Осло) және Finnish National Ballet (Хельсинки) театрларының директоры болған, сондай-ақ беделді халықаралық балет конкурстарының әділ қазылар алқасының мүшесі. Әлемдік балет өнерінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Дания, Норвегия және Финляндияның жоғары корольдік ордендерімен марапатталған.

Eric Viudes – француз балетмейстері және еуропалық классикалық дәстүрдің танымал қорғаушысы. Ол Maître Yves Brieux мектебінің соңғы жеке шәкірттерінің бірі болып саналады және француз балет мектебінің сабақтастық дәстүрін жалғастырып келеді. Август Бурнонвиль мұрасы бойынша халықаралық деңгейдегі сарапшы, әлемдік деңгейдегі педагог. Көркем өнер саласындағы ерекше еңбегі үшін French Ministry of Culture тарапынан марапатталған. Сонымен қатар The Bournonville Society (Амстердам) ұйымының тең құрылтайшысы әрі директоры, сондай-ақ European School of Ballet оқу орнында резидент-балетмейстер қызметін атқарады.

Шеберлік сабақтары Академия білім алушыларына Бурнонвиль стилінің техникасы мен көркемдік эстетикасының ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берді. Бұл бағыт еуропалық классикалық балеттің маңызды мектептерінің бірі болып саналады.

Шеберлік сабақтарының ұйымдастырушысы — Nomad Ballet Project жобасы.