Елордада Қазақ ұлттық хореография академиясы базасында қазақтың көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Ән әлемінің падишасы» атты салтанатты дәріс-концерт өтті. Іс-шара ұлттық музыкалық мұраға қызығушылық танытқан оқытушыларды, студенттерді және қонақтарды біріктірді.
Дәрістің құрметті қонағы — PhD докторы, қауымдастырылған профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті музыкалық білім беру және хореография кафедрасының меңгерушісі Айсұлу Қалдаяқова болды.
Айсұлу Қалдаяқова, композитордың немересі ретінде, оның шығармашылығы мен тұлғасына терең талдау жасап, балалық шағындағы естеліктерімен бөлісті. Ол өз сөзінде Шәмші Қалдаяқов әндері халықтың рухани құндылықтарын бейнелейтінін, қазақтың халық музыкасы дәстүрлерін кәсіби өнер элементтерімен ұштастыратынын атап өтті. Сонымен қатар, оның пентатоникаға негізделген ерекше стиліне, әуезділігіне және сөз бен әуеннің тығыз байланысына ерекше назар аударылды.
Спикердің айтуынша, композитордың шығармашылығы ауылдың дәстүрлі мәдениетінің және отбасылық ортаның ықпалымен қалыптасқан. Оның патриоттық және лирикалық әндері ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналып, бүгінгі күнге дейін түрлі буын өкілдерінің жүрегінен орын тауып келеді.
Шәмші Қалдаяқовтың қазақ музыка мәдениетінің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Оның есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылған. Сонымен қатар, ол Жұмекен Нәжімеденовпен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының авторы болды.
Іс-шара барысында дәріспен қатар Академия қонағы Мадина Асылбекованың орындауында бірнеше музыкалық нөмір ұсынылды.
Дәріс-концерт ұлы композиторға деген құрметтің көрінісі ғана емес, сондай-ақ қазақ музыкалық мәдениетін жас ұрпақ арасында насихаттаудағы маңызды қадам болды.