2026 жылғы 25 қыркүйекте Қазақ ұлттық хореография академиясында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, педагог және балетмейстер Тойған Оспанқызы Ізімнің 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтеді.
Тойған Оспанқызы Ізім - ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор, педагог және балетмейстер. Ол 27 жылдан астам уақыт бойы сахна өнеріне қызмет етіп, «Шертер», «Сазген» және «Алтынай» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің құрамында өнер көрсетті. Тойған Оспанқызы кәсіби қызметінің елеулі бөлігін қазақ ұлттық биін дамытуға, хореографиялық педагогика мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына арнады.
Мерейтойлық іс-шара Тойған Оспанқызының шығармашылық және ғылыми-педагогикалық жолын жан-жақты таныстыратын арнайы көрмелерден басталады. Қонақтар назарына өнер қайраткерінің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін фотокөрме, сахналық костюмдер экспозициясы, сондай-ақ ғылыми еңбектері ұсынылады.
Іс-шараның салтанатты бөлімінде Тойған Оспанқызының қазақ хореография өнеріне, ғылым мен білім саласына қосқан үлесі кеңінен дәріптеліп, мерейтой иесіне әріптестері, шәкірттері және өнер қауымдастығының өкілдері құрмет көрсетеді.
Мерейтойлық бағдарлама Тойған Оспанқызы Ізімнің шығармашылық және ғылыми-педагогикалық мұрасына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасады. Конференция барысында қатысушылар оның ұлттық хореографияның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін, сондай-ақ кәсіби тәжірибесінің қазіргі хореографиялық қауымдастық үшін маңызын талқылайды.
Бұл тағылымды іс-шара көрнекті өнер қайраткерінің мол мұрасын дәріптеп қана қоймай, қазақ ұлттық биінің өткені мен бүгініне зер салуға, оның келешектегі даму бағыттарын пайымдауға мүмкіндік беретін маңызды рухани және ғылыми алаңға айналады.