Сайт бойынша іздеу
Академиялық ұтқырлық бойынша ақпараттық кездесу өтті

2026 жылғы 7 қыркүйекте Қазақ ұлттық хореография академиясының конференция залында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ақпараттық кездесу өтті. Шараға Латвия және Польша жоғары оқу орындарында білім алып келген студенттер — Диана Хусаинова, Іңкәр Мақанова («Арт-менеджмент» білім беру бағдарламасы), Төлепберген Бона және Иванова Полина («Хореография өнерінің педагогикасы» білім беру бағдарламасы) қатысты.

Кездесу барысында студенттер шетелдегі оқу тәжірибелері: сабақтардың ұйымдастырылуы, білім беру бағдарламасының құрылымы және елден жырақта кездескен қиындықтар туралы айтып берді. Олардың айтуынша, Қазақстанда алған кәсіби дайындықтары шетелдік жоғары оқу орындарының оқу және шығармашылық үдерісіне сенімді түрде кірісуге, сондай-ақ ауқымды студенттік және мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берген.

Жастардың сөзіне сүйенсек, шетелде білім алу хореография өнері мен арт-менеджментке деген балама көзқарастармен танысуға, халықаралық өзара іс-қимылдың құнды тәжірибесін жинақтауға, күйзеліске төзімділікті дамытуға және жеке тәртіп деңгейін арттыруға жол ашады. Жиынға қатысушылар әңгімеге үлкен қызығушылық танытып, баяндамашыларға сұрақтар қойды.

Мұндай академиялық және мәдени ұтқырлық бағдарламалары болашақ мамандардың шығармашылық өрісін кеңейтуге, қазақстандық хореография мектебінің жоғары деңгейін көрсетуге және білім беру мекемелері арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.

Бұл ақпараттық кездесуді жаңа академиялық ұтқырлық байқауының басталуы қарсаңында Халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімі ұйымдастырды. Шараның мақсаты — студенттерді ақпараттандыру және шетелде білім алудың қыр-сырын түсіндіру.