Академияның «Өнертану» ББ 2-курс докторанттары – Жунусов Серик Казырканович пен Саттыбаева Саида Дулатовна Ташкент қаласында Өзбекстан көркемөнер академиясында ғылыми тағылымдама өтуде.
Ғылыми тағылымдама аясында докторанттар Өзбекстанның Бейнелеу өнері галереясына барды. Сапар барысында олар суретші-сценографтар Георгий Брим мен Шухрат Абдумаликовтың шығармалары қойылған «Muloqot: Meros va Nigoh / Диалог: Мұра және Көзқарас» көрмесімен танысты. Бұдан бөлек, докторанттар Өзбекстан халық суретшісі Урал Тансықбаевтың шығармашылығына арналған көрмені тамашалап, ұлттық көркемдік мектеп дәстүрлерін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
Галереяға бару докторанттар үшін кәсіби білімдерін кеңейтіп, заманауи және классикалық көркемдік бағыттармен танысуға, сондай-ақ халықаралық ғылыми-шығармашылық диалогқа қосылуға мүмкіндік берген тағылымдаманың маңызды кезеңі болды.
Тағылымдаманың маңыздылығы — шетелдік ғылыми кеңесшісі, өнертану докторы, профессор Акилова К.Б. өткізілетін консультациялар. Ғылыми-зерттеу жұмысына қатысты құнды кеңестер алып, болашақ ғылыми ізденістердің келешектегі бағыттарын айқындайды.