Сайт бойынша іздеу
Анвара Садықованың «Flow/Ағын» мерейтойлық концерті Астанада салтанатты түрде өтті

2026 жылғы 1 наурызда Qazaqconcert залында көрнекті қазақстандық хореограф, балетмейстер, Қазақ ұлттық хореография академиясының хореография факультетінің балетмейстер өнері кафедрасының аға оқытушысы Анвара Садыкованың шығармашылық қызметінің 25 жылдығына арналған «Flow/Ағын» концерті өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы тарапынан ұйымдастырылды.

Концертке Анвара Садықованың шығармашылығын және ұлттық биді сүйетін көптеген көрермен жиналды. Кеш бағдарламасы мазмұнды болып, онда Академия педагогының ең үздік хореографиялық қойылымдарымен қатар, арнайы дайындалған жаңа хореографиялық композициялар да ұсынылды.

Олардың қатарында Анвара Әріпқызының өзі дайындаған әсерлі нөмірлер, сондай-ақ оның шәкірттері мен «GULDER» ансамблінің әртістері ұсынған қойылымдар бар. Көрермендер бұрыннан танымал «Дала әуені», «Ер Тұран», «Толғау», «Хафиз», «Аққу» және басқа да шығармаларды тамашалады. Сонымен қатар Морис Равельдің музыкасына қойылған «Замана жаңғырығы» («Эхо эпох») этно-балетінің премьерасы ерекше назар аудартты.

Көрермендер орындаушылардың шеберлік деңгейін, көркемдік мәнерін және кәсібилігін жоғары бағалады. Мерейтойлық концерт елорда мәдени өміріндегі жарқын оқиғаға айналып, Анвара Садықованың Қазақстанның сахналық өнеріндегі жетекші тұлғалардың бірі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Фото: Адилет Ергалиев