Астана Опера театрында Академия түлегі Сұлтанбек Ғұмар қойған «Мәңгіліктің төрт сыры» балетінің премьерасы өтті. Қойылым театрдың Үлкен залында сахналанып, елорда мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды.
Бұл — би тілі арқылы адам жанының төрт негізгі күйін: махаббатты, құштарлықты, күресті және қабылдауды ашып көрсететін терең хореографиялық туынды. Образдар төрт жұп арқылы берілген, олардың әрқайсысы кез келген адамға таныс ішкі сезімдерді бейнелей отырып, мәңгілік идеясы тоғысады.Қойылымның музыкалық негізін композитор Хамит Шанғалиевтің шығармалары құрайды. Онда ұлттық әуендер заманауи академиялық дыбыспен үйлесім тапқан. Музыка мен хореография тұтас көркем кеңістік құрып, әрбір қимыл, әрбір үзіліс пен эмоциялық акцент мағынаға толы.
Сахналық безендіру, жарық шешімі мен костюмдер спектакльдің пластикалық тілін толықтырып, тұтас визуалды көрініс жасайды. Қойылымның әрбір элементі адамның ішкі әлемін ашуға бағытталып, сахнаны сезім мен күйдің айнасы айналдырады.Кеш аясында сондай-ақ Сұлтанбек Ғұмардың contemporary-хореография, этникалық музыканы және ұлттық мәдени кодтарды біріктіретін шығармашылық алаңы — Nomad Ballet жобасы ұсынылды. Ерекше атмосфераны этно-фольклорлық «ХасСақ» ансамблінің өнер көрсетуі қалыптастырып, олардың композициялары бағдарламаның эмоциялық әсерін күшейтті. Музыкалық сүйемелдеуді дирижер Руслан Баймурзин жетекшілік еткен театрдың симфониялық оркестрі мен хоры қамтамасыз етті.
Бағдарламада «Рух», «Той бастар», «Аралым», «Аңсау», «Әлем» және басқа да жарқын нөмірлер ұсынылып, әрқайсысы жеке көркемдік ойға айналды.
Премьера көрермендердің зор қошеметімен аяқталып, қойылымның табысты өткенін және оның көркемдік қуатын айқындай түсті.
Мақаланың авторы Томирис Бекмурзина