Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясы халықаралық ынтымақтастық географиясын кеңейтуде

Қазақ ұлттық хореография академиясы халықаралық ынтымақтастық географиясын жүйелі түрде кеңейтіп, хореографиялық өнер саласындағы жетекші білім беру орталықтарының бірі ретіндегі өз позициясын нығайтып келеді.

Бұл жолы Академия бірқатар шетелдік білім беру ұйымдарымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Қол қойылған келісімдер академиялық және мәдени өзара іс-қимылды дамытуға, студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын жүзеге асыруға, шеберлік сабақтарын, ғылыми-практикалық конференциялар мен бірлескен сахналық жобаларды өткізуге бағытталған. Мұндай бастамалар кәсіби тәжірибе алмасуға, оқытудың озық әдістемелерін енгізуге және елдер арасындағы шығармашылық диалогты кеңейтуге ықпал етеді.

Жаңа серіктестер қатарында Бразилиядағы Үлкен театр мектебі (Бразилия), Trinity Laban музыка және би консерваториясы (Ұлыбритания), Игорь Моисеев атындағы мемлекеттік академиялық халық биі ансамблі жанындағы мектеп-студия (Ресей), “Lira Ballet Academy” (Корея Республикасы), сондай-ақ Hacettepe University (Түркия) бар.

Айта кететін жайт, “Lira Ballet Academy”-мен ынтымақтастық қазірдің өзінде жүзеге асырылып келеді. Корей тарапының өкілдері Қазақстанға, Академияға арнайы келді. 9–14 ақпан аралығында қонақтар кәсіби білім беру мектеп-колледжінің жетекші педагогтері өткізген классикалық және халықтық-сахналық би бағыттары бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Тағылымдама қорытындысы бойынша қатысушылар шеберлік сабақтарынан өткені туралы сертификаттарға ие болды.

Беделді шетелдік мекемелермен серіктестік байланыстарды дамыту академиялық алмасу, бірлескен шығармашылық жобалар мен әлемдік мәдени кеңістікке интеграция үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл Академияның халықаралық мәртебесін нығайтып, мәдениетаралық диалогтың дамуына және жаһандық кәсіби ортада еркін жұмыс істей алатын жаңа буын әртістерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұлттық мектептердің үздік дәстүрлерін хореографиялық өнердегі заманауи әлемдік үрдістермен ұштастыруға мүмкіндік береді.