Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясында 2025-2026 оқу жылы түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті

2026 жылғы 23 маусымда «Астана Опера» театрында Қазақ ұлттық хореография академиясы түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шараға мектеп-колледждің, бакалавриат пен магистратураның түлектері, олардың ата-аналары, оқытушылар, Академия қызметкерлері және құрметті қонақтар қатысты. Салтанатты рәсім оқу жылының ең маңызды оқиғаларының біріне айналып, хореография өнері саласындағы жас мамандардың өміріндегі маңызды кезеңнің аяқталғанын білдіретін айтулы мереке болды.

Мектеп-колледж түлектеріне құттықтау сөзін Қазақ ұлттық хореография академиясының көркемдік жетекшісі, Ресей Федерациясының халық әртісі Алтынай Абдуахимқызы Асылмұратова арнады. Ол түлектерді оқуды табысты аяқтауларымен құттықтап, шығармашылық ізденістеріне толағай табыс, кәсіби кемелдену және Қазақстан мен әлем сахналарында биік белестерді бағындыруға ізгі тілегін білдірді.

Салтанатты рәсім барысында «Хореография өнері» мамандығы бойынша «Балет әртісі» және «Би ансамблінің әртісі» біліктіліктерін иеленген техникалық және кәсіптік білім беру түлектеріне дипломдар табысталды.

Бакалавриат пен магистратура түлектеріне арнаған құттықтау сөзінде Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжанова таңдаған мамандыққа адал болудың, кәсіби біліктілікті үнемі жетілдірудің және отандық хореография өнерінің озық дәстүрлерін абыроймен жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Хореография өнерінің педагогикасы», «Спорттық-бал биінің педагогикасы», «Балетмейстерлік өнер», «Өнертану», «Арт-менеджмент» білім беру бағдарламаларының түлектері, сондай-ақ «Хореография», «Өнертану» және «Арт-менеджмент» бағыттары бойынша магистратура түлектері диплом алды.

Оқуды үздік аяқтаған түлектер Академияның ерекше мақтанышына айналды. Олардың жоғары академиялық жетістіктері, шығармашылық ізденісі мен кәсіби мақсаткерлігі Академияда мамандар даярлау сапасының жарқын көрсеткіші болып табылады.

Салтанатты рәсімнің маңызды оқиғаларының бірі мәдениет пен өнер саласының белгілі қайраткерлеріне магистр дәрежесі дипломдарының табысталуы болды. «Арт-менеджмент» білім беру бағдарламасының түлектері қатарында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мадина Өнербаева және композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Ренат Ғайсин бар.

Түлектер атынан сөз сөйлеген бітіруші курс өкілдері Академия басшылығына, профессор-оқытушылар құрамына, тәлімгерлер мен ата-аналарына қолдауы, кәсібилігі және олардың қалыптасуына қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді.

Құттықтау сөздер ата-аналар қауымдастығы атынан да айтылды. Ата-аналар комитетінің төрайымы Академия ұжымына білім берудің жоғары деңгейі, студенттерге көрсеткен қамқорлығы және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қолайлы орта қалыптастырғаны үшін ризашылығын жеткізді.

Салтанатты рәсім түлектердің дәстүрлі вальсімен аяқталды. Ол студенттерді, оқытушыларды және ата-аналарды қуаныш, мақтаныш және болашаққа деген жарқын үміт атмосферасында біріктірді.

Қазақ ұлттық хореография академиясы 2025-2026 оқу жылының түлектерін айтулы жетістіктерімен құттықтап, шығармашылық шабыттың сарқылмауын, кәсіби дамудың үздіксіз болуын, өнер әлемінде жаңа белестерді бағындырып, жарқын болашаққа нық қадам басуларын тілейді.