Қазақ ұлттық хореография академиясында Токио қаласынан келген «Yoshiko Takagi Ballet School» делегациясының мазмұнды сапары мәресіне жетті. Делегация құрамында 22 білім алушы мен 4 оқытушы келді.
Шетелдік қонақтар үшін қарқынды білім беру бағдарламасы ұйымдастырылды. Академияның жетекші педагогтері жас білім алушыларға классикалық және халықтық-сахналық билер бойынша шеберлік сыныптарын өткізді, сондай-ақ әлемдік балет мұрасы туындыларының классикалық вариацияларын пысықтау бойынша практикалық сабақтар жүргізді.
«Yoshiko Takagi Ballet School» жетекшісі Ёсиё Нарисава өз әсерімен бөлісті:
«Біз Қазақ ұлттық хореография академиясына төртінші рет келіп отырмыз. Мұнда әлемдік хореография мектебінің барлық жағдайы жасалған, және біздің балаларымыз мұнда тиісті кәсіби тәжірибе мен білім алуда, бұл олардың болашақта әртіс ретінде қалыптасуы үшін өте маңызды».
Жемісті жұмыс пен жоғары деңгейдегі ұйымдастыру үшін алғыс ретінде жапондық делегация Академияға жас тәрбиеленушілерге арналған сахналық костюмдерді сыйға тартты. Костюмдерді классикалық балет пен театр қойылымдарына арналған кәсіби киімдерді өндіру бойынша Жапониядағы көшбасшылардың бірі – «Yoshino Atelier» компаниясы ұсынды.
Оқу күндерінен бөлек, сапардың мазмұнды бағдарламасы мәдени іс-шараларды да қамтыды: жапондық оқушылар мен педагогтер «Астана Балет» театрының «Алтын гүл» балетін тамашалады. Қонақтар қазақстандық балеттің жарық шешімінің шеберлігіне, әртістердің мінсіз орындаушылық деңгейіне және көп қырлы музыкалық сүйемелдеуіне тәнті болғанын атап өтті.