Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында «Самал» саябағында өткен «Bir tolqynda» диалог алаңына қатысты.
Кездесуді «Әділет» партиясы Есіл аудандық филиалының төрағасы Санира Жүсіпова ашып, жүргізді. Іс-шараға партияның сайлауалды штабының мүшелері, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Евгений Больгерт пен Бекжан Әлімқұлов, сондай-ақ қоғам өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Ашық диалог барысында тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер, қалалық ортаны дамыту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Азаматтармен ашық диалог орнату, олардың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру, жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, елорданың барлық аудандары тұрғындарының сапалы қалалық инфрақұрылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, жол желісін, қоғамдық көлікті, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін дамыту, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды салу мен жаңғырту мәселелері сөз болды.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, қалалық ортаны одан әрі дамытуға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Ашық пікірталас форматы тұрғындарды толғандыратын маңызды мәселелерді талқылап, оларды бірлесіп шешудің тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.