Сайт бойынша іздеу
Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері «BAYTEREK LIGHTS» халықаралық байқауының I дәрежелі лауреаттары атанды

2026 жылғы 31 қазанда Астана қаласында International Art in Motion — BAYTEREK LIGHTS («Бәйтерек шамдары») халықаралық хореография өнері байқауы өтті. Аталған байқауда Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері жоғары орындаушылық шеберліктерін көрсетіп, I дәрежелі лауреат атанды.

Халықаралық шығармашылық алаңда Академия атынан Сарсенхан Бекдаулет, Садакина Жанель және Анарбек Фархат өнер көрсетіп, кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейін, әртістік шеберліктерін және хореография өнерінің түрлі бағыттарын меңгергендерін көрсетті.

Сарсенхан Бекдаулет «Заманауи хореография» номинациясы бойынша «Профи» санатында (VI жас тобы) Max Richter-дің «November» музыкалық шығармасына қойылған «Fall Inside» жеке хореографиялық композициясын ұсынды. Қойылымның хореографы — хореография факультетінің 4-курс білім алушысы Каролина Станиславовна Орманова.

Садакина Жанель мен Анарбек Фархат В. Поликарповтың қойылымындағы халық музыкасына негізделген «Цырвско» балқан биін орындап, халықтық хореографияның өзіндік ерекшеліктерін, сахналық мәнерлілікті және жоғары орындаушылық мәдениетті көрсетті.

Сонымен қатар, Анарбек Фархат С.И. Аманованың қойылымындағы халық музыкасына негізделген «Dilhiroj» өзбек биін орындап, ұлттық нақыш пен хореографиялық композицияның көркемдік ерекшелігін шебер жеткізді.

Байқау қорытындысы бойынша Академия студенттері I дәрежелі лауреат атағына ие болып, кәсіби дайындықтары мен орындаушылық шеберліктерінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Халықаралық шығармашылық байқауларға қатысу білім алушылардың кәсіби қалыптасуына, сахналық шеберліктерін жетілдіруге, шығармашылық тәжірибелерін кеңейтуге және хореография өнерін дәріптеуге ықпал етеді.

Сарсенхан Бекдаулетті, Садакина Жанельді, Анарбек Фархатты, сондай-ақ хореограф-қоюшылар мен педагогтерді лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!

Алдағы уақытта шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт, кәсіби өсу және халықаралық сахнада жаңа жарқын жеңістер тілейміз!