Бүгін салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжановаға, сондай-ақ Академия оқытушылары Анвара Садықоваға, Айдар Ахмадиевке және Алмат Шәмшиевке Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының даналары табысталды.
Академия ұжымы үшін бұл оқиға – еліміздің Ата Заңына деген құрметтің және мемлекет пен қоғамның стратегиялық даму бағытын айқындайтын негізгі құжаттың маңызын айқындайтын ерекше белес.
Жаңа Конституция Әділетті Қазақстанды құруға, заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, азаматтық қоғамды дамытуға және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған ауқымды саяси әрі қоғамдық реформалардың берік негізіне айналды.
Қазақ ұлттық хореография академиясы елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдайды және жаңа Конституцияда айқындалған құндылықтарды толықтай бөліседі. Біз білім беру, мәдениет пен өнерді дамыту мемлекеттілікті нығайтудың, ұлттық мұраны сақтаудың, сондай-ақ заңды, әділеттілік пен жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтейтін жаңа буын азаматтарын тәрбиелеудің маңызды тетігі екеніне сенімдіміз.
Академия ұжымы Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағытын қолдай отырып, болашақ ұрпақтың игілігі жолында отандық білім беру жүйесін, мәдениет пен өнерді және еліміздің рухани әлеуетін дамытуға өз үлесін қоса береді.