Бүгін Академия кітапханасының ұйымдастыруымен қазақтың мақтанышы, әлемге әйгілі опера әншісі, КСРО халық әртісі Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың 95 жылдығына арналған «Қазақтың бұлбұлы – Бибігүл Төлегенова» атты лекция-концерті өтті.
Лекция концертті ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Азамат Желтыргузов ашып, Бибігүл Төлегенованың өмірбаянына тоқталып, өз естеліктерін айтты. Сондай-ақ, концертте халықаралық байқаулардың лауреаты Ж. Тышқанова Бибігүл Төлегенованың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы кеңінен баяндап, әншінің түскен фильмдері мен кітаптары туралы айтты.
Концертте халықаралық байқаулардың лауреаттары тенор Талғат Аллабиринов пен сопрано Фируза Рахметова және Мәдениет саласының үздігі, концертмейстер Ляйля Сеитова өнер көрсетті. Бұл кеште Бибігүл Төлегенованың «Гәкку», Айттым сәлем Қаламқас», «Бұлбұл», Аққурай», «Балқурай» және «Көктем вальсі» әндерін шырқалып, көрерменге үлкен әсер сыйлады.
Академия, ұлы әншінің рухына құрмет көрсете отырып, жаңа буын әртістерін шабыттандыру және өнер қайраткерлеріне арналған мәдени шараларды ұйымдастыру арқылы оның шығармашылық мұрасын жалғастырады.