2026 жылғы 28 мамырда Астанада Event Day 2026 бағдарламасы аясында Dancehub.kz порталының сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Іс-шара барысында кәсіби жетістіктері көрермендер мен шығармашылық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған хореография және сахна өнері саласының өкілдері марапатталды.
Сыйлықтың маңызды оқиғаларының бірі – Академияның аға оқытушысы Анвара Садықоваға «Сахна шебері» номинациясы бойынша марапаттың табысталуы болды. Оның көпжылдық шығармашылық қызметі, жоғары кәсібилігі және сахна өнерінің дамуына қосқан үлесі жас режиссерлер, педагогтер мен қоюшы мамандардың бірнеше буыны үшін үлгі болып келеді.
Салтанатты рәсімнің тағы бір маңызды нәтижесі – Art International ұжымының «Үздік би ұжымы» номинациясында жеңіске жетуі болды. Ұжымның жетекшісі – Қазақ ұлттық хореография академиясының түлегі Ұлан Бейсенбаев. Ұжымның жетістігі Академия түлектерінің кәсіби шығармашылық ортадағы жоғары сұранысқа ие екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аталған сыйлық алғаш рет ұйымдастырылып, Dancehub.kz порталындағы шығармашылық профильдердің қаралымы, іздеу сұраныстары және пайдаланушылар белсенділігінің өзге де көрсеткіштері негізінде табысталды. Марапаттарға жыл бойы аудиторияның ерекше қызығушылығын тудырған әртістер мен шығармашылық ұжымдар ие болды. Порталдың негізін қалаушы, Қазақ ұлттық хореография академиясының педагогика кафедрасының меңгерушісі Руслан Кензикеевтің тұжырымдамалық идеясына сәйкес, бұл сыйлық хореография өнерінің танымал шеберлері үшін лайықты марапатқа айналды.
Анвара Садықова мен Академия түлегі Ұлан Бейсенбаевтың жетістіктері Қазақ ұлттық хореография академиясының отандық өнерді дамытуға, кәсіби дәстүрлерді сақтауға және шығармашыл мамандардың жаңа буынын даярлауға қосып отырған үлесін айқын көрсетеді.
Барша марапат иелерін лайықты жетістіктері мен жоғары марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!