14-23 наурыз аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында Наурыз мерекесі «Наурызнама – 10 күн» форматында кең көлемде атап өтіледі. Әр күн қазақ халқының маңызды рухани және мәдени құндылықтарын бейнелейтін жеке тақырыпқа арналады.
Мерекелік іс-шаралар 14 наурыз – Көрісу күнімен басталады. Бұл күні Академия қызметкерлері, студенттері мен білім алушылары ұлттық киім киіп, бір-біріне дәстүрлі ақжарма тілектерін білдіреді. Сондай-ақ өнер және хореография факультетінің студенттері «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты театрландырылған қойылым ұсынады, ал мектеп-колледж оқушылары үшін тақырыптық сынып сағаттары өткізіледі.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Академияда «Жылды жақсылықтан баста!» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Игі бастама аясында киім-кешек, арнайы балалар тағамдары мен гигиеналық құралдар жинау жүргізіледі. Сонымен қатар University Medical Center корпоративтік қорының Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының онкология бөлімінің пациенттері мен «Жүрек орталығы» кардиохирургиялық клиникасы үшін мерекелік концерт өтеді.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні. Мектеп-колледждің 9-сынып оқушылары үшін ұлттық мұраның маңызын түсіндіруге арналған «Ұлттық дәстүр – біздің рухани байлығымыз» атты сынып сағаты өткізіледі.
17 наурыз – Шаңырақ күні, яғни Отбасы күні. Іс-шара отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге бағытталған. Оқушылар үшін «Қара шаңырағым – алтын бесігім» атты тәрбиелік сағат ұйымдастырылады.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Академияда 5-сынып оқушылары үшін ұлттық киімнің ерекшеліктерін таныстыруға және мәдени дәстүрлерді насихаттауға арналған сынып сағаттары өтеді.
19 наурыз – Жаңару күні. 7-8-сынып оқушылары үшін достық, бірлік және рухани жаңғыру тақырыбына арналған «Достық, бірлік және Наурыз» атты сынып сағаттары ұйымдастырылады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Студенттер мен қызметкерлер арасында «Ұлттық спорт ойындары» атты спорттық эстафета өтеді. Бағдарламаға арқан тарту, тоғыз құмалақ және асық ату сияқты дәстүрлі ұлттық ойындар енгізілген.
21 наурыз – Ынтымақ күні, бірлік пен татулық күні. Бұл күні ұлтаралық келісім мен Қазақстан халқының достығын нығайтуға арналған тақырыптық сынып сағаттары өткізіледі.
22 наурыз – Жыл басы – шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл. Бұл күннің басты оқиғасы «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мерекелік шара болады.
23 наурыз – Тазару күнімен мерекелік онкүндік қорытындыланады. Бұл күні интернат тәрбиеленушілері қоршаған ортаға қамқорлық пен жаңаруды білдіретін бөлме өсімдіктерін отырғызу акциясына қатысады.
Қазақ ұлттық хореография академиясындағы Наурызнама мерекесі ұлттық дәстүрлерді сақтау, мәдени құндылықтарды нығайту және жастарды Қазақстанның тарихы мен мұрасына құрмет рухында тәрбиелеуге бағытталған.